“Боруссияның” жеңісіне ешкім таңданбаса, “Олимпиакос” кішігірім сенсация жасады. Өз жанкүйерлері алдында көсіле ойнаған грекиялықтар бірінші таймның соңына қарай Алехандро Домингестің көмегімен есеп ашты. Үзілістен кейін де манчестерліктер алаң иелерінің қақпасына айтарлықтай қауіп төндіре қойған жоқ. Есесіне 55-ші минутта Джоэл Кэмбелл айып алаң сыртынан Давид Де Хеа қақпасының тоғыздығын дәл көздеді. Қалған уақытта англиялықтар қанша тырысқанымен есеп өзгеріссіз қалды. Ал бүгін біздің арна түркиялық “Галатасарай” мен лондондық “Челси” арасындағы бәсекені түңгі сағат 1:45 те тікелей эфирде көрсетеді.
Шайбалы хоккейден Жастар арасындағы лиганың тұрақты чемпионатында кезекті турдың ойындары өтті. Осы турда Астананың «Снежные Барсы» өз айдынында Новосібірдің «Сибирские снайперін» қабылдады. Алғашқы кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жеткен жас барыстар қарымта матчта да үздік шықты.
Бәсекені ширақ бастаған қонақтар алғашқы үзіліске дейін айдын иелерін екі рет қапы қалдырды. Бірақ біртіндеп өз ойындарын тапқан жерлестеріміз екінші кезеңде таразы басын теңестіріп үлгерді. Алдымен Александр Зубрцкий көзге түссе, екінші голды Дмитрий Вольский соқты. Астаналықтарға жеңіс сыйлаған үшінші шайба Артем Лихотниковтың еншісінде. Ертең жас барыстарды өте жауапты бәсеке күтіп тұр. Тұрақты чемпионат аясындағы соңғы ойында Ғалым Мәмбетәлиевтің командасы Тольяттидің «Ладасын» қабылдайды. Жас барыстардың плей-оффқа қатысты тағдыры осы матчта шешіледі.
Ұлттық баскетбол лигасындағы ойындарға тоқтала кетсек, «Чикаго Буллз» сырт алаңда «Атланта Хокстен» басым түсті. Атлантада өткен шиеленісті матч 103:107 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.
Чикагоның сапында ерекше көзге түскен Жоаким Ноа бүгінгі бәсекеде еншісіне 20 ұпай жазды. Осы жеңіске қомақты үлес қосқандардың бірі Карлос Бузер, команда қоржынына 17 ұпай салып берді. Алаң иелері сапында мергендік танытқан Джефф Тигтің есебінде 26 ұпай. «Чикаго» келесі турда «Голден Стэитпен» кездессе, «Атланта» бостондық гулливерлермен күш байқасады. Осы күні «Денвер» өз алаңында 95:100 есебімен «Портлендтен» ұтылса, «Даллас» 110:108 есебімен «Нью-Иорк Никстен» алда болды.