Өз тобындағы соңғы матчта жерлестеріміз Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Финляндиямен кездесті. Таразы басы теңелген тартысты бәсекеде тағы да жолымыз болмады. Есеп 3:4. Не керек қос ұпаймен көш соңында қалған Қазақстан, ендігі жылы бірінші дивизионда өнер көрсететін болды. Бұл дивизиондағы әлем чемпионаты қашан және қай елде өтетіні келесі аптада анықталады. Бір білетініміз төменгі дивизиондағы әлем чемпионатында біздің хоккейшілерге Италия, Жапония, Украина, Венгрия және Польша құрамалары қарсы тұрады.
20 жастағы қазақ теннисшісі Зарина Дияс, Страсбургте өтіп жатқан ірі турнирдің екінші айналымына жолдама алды. Зарина алғашқы ойында әлемнің 22- ракеткасы бельгиялық теннисші Кристен Флипкенстен басым түсті. 2 сағат 2минутқа жалғасқан матч 6:2,6:7 және 6:3 есебімен аяқталды. Жүлде қоры 250 мың долларды құрайтын жарыстың келесі айналымында Зарина Дияс хорватиялық Айла Томляновичпен кездеседі.
Луи ван Галь “Манчестер Юнайтедке” бас бапкер болып тағайындалды. Әйгілі голландиялық маманмен келісім- шарт үш жылға жоспарланған.
62 жастағы жаттықтырушы “Аякс”, “Барселона” және “Бавария” сынды еуропаның маңдай алды командаларын баптаған. “Манчестер Юнайтедте” ол Дэвид Мойестің орнын баспақ. “Қызыл сойқандар” биылғы маусымда өте төмен нәтиже көрсеткені белгілі. Ван Галь жаңа қызметіне Бразилиядағы әлем чемпионатынан кейін кіріспек. Ол қазір Голландия құрамасын жаттықтырып жатыр. Ал оның көмекшісі болатын Райан Гиггз. Футбол мамандарының көпшілігі дәл осы Гиггз болашақта бас бапкер болатынына сенімді.