Жарияланды: 600

СҚО-да мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің бұрынғы басшысы сотталды

СҚО-да мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің бұрынғы басшысы сотталды

Петропавл қалалық сотында Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің бұрынғы басшысы А.Нұртазинге қатысты қылмыстық іс қаралды.

2015 жылғы сәуір айының соңында А. деген азамат А.Нұртазинге жүгініп, жеке кәсіпкердің салық берешегінің бар-жоғын тексеріп беруін сұраған. Аталмыш жеке кәсіпкер бойынша «Тойота Ланд Крузер» маркалы жарамсыз көлік құралына 2009 жылдан бастап есептелген 1 046 000 теңге сомасындағы салық төленгенін анықтап, А.Нұртазин сыйақы үшін А. деген азаматқа төленген салық сомасын заңсыз қайтаруды ұсынған. Бұл ретте көлік құралын есептен алу туралы анықтама қажет екенін түсіндірген. Сотталушы аталмыш анықтаманы 100 мың теңгеге жасай алатынын айтқан.

А.Нұртазин 200 мың теңге мөлшердегі алдын ала келісілген сыйақы сомасының қалған бөлігін алу кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері тарапынан ұсталған.

Сот үкімімен А.Нұртазин ҚР ҚК-нің 361-бабының 2-бөлігінде (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану), 385-бабының 1-бөлігінде (жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған барлық мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметпен байланысты лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыру, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ол жазаны колония-қоныста өтейтін болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін