Алты жасынан сай-сүйегі сырқырай бастаған Гүлзада жаман ауруға шалдыққанын бастапқыда білмеген. Кейін оң аяғы өспей, әлсіз күйінде қала бергесін пышақ астына жатуға бел буды. Шамамен 20 рет мертігіп, 17 операция жасатыпты. Әйтсе де, жігері жасымаған.
Гүлзада Мақсұтова, Үшінші топтағы мүгедек
-Мен автобусқа кірсем өте қауіпті. Біреу аяғымды тиіп кетсе, ол сынып кетуі мүмкін. Құлақ асады мен балдақпен жүрмін десем. Олар көп болғанда көрмейді ғой, балдақпен бе, балдақпен емес пе.
Гүлзаданың дерті әрбір жүз мың адамның бесеуінде ғана кездеседі екен. Көбіне тұқым қуалайды. Сондықтан мұндай науқастар сүйегіне салмақ түсіруден әрдайым сақтанып жүреді. Тіпті көрпенің салмағын да көтере алмауы мүмкін. Қазір Гүлзада Кореяда жасалатын кезекті күрделі операцияға дайындалып жатыр. Оған қажет 4 млн теңгенің тең жартысын тірнектеп жүріп өзі жинапты. Қалғанына павлодарлық құтқарушылар қарайласқан.
Әсемгүл Насырова, Павлодар облыстық ТЖД бөлім бастығы:
-Біз қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Қалай дегенмен, құтқарушы деген атымыз бар. Бүкіл ұжым болып қол ұшын бердік. Жинаған ақшамыз операциясына жетеді деп үміттенеміз.
Бірақ, бұл соманың жетпейтінін білетін мүгедек жазған хаттарды 20 министрлікке жолдаған. Соның 15-сі он мыңдап болсын қайырымдылық көрсетсе, қалғаны қол ұшын мүлде созбайтынын жеткізіпті. Заңға жүгініп, көмек беруден бас тартқандардың жауабы бір – бюджетте қаржы қарастырылмаған.
-Жарымжан Гүлзада сәл шалынып қалса, сүйегі шытынап кететінін біледі. Біле тұра, балдаққа сүйеніп бармаған жері жоқ. Айта кету керек, оның жағдайын естіген талай мекеме қол ұшын беруден қашқан. Олардың арасында Денсаулық сақтау министрлігі де бар.