Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобалары қаралды
![]() |
27 қазанда Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қаралды. |
Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыруға бағытталған.
Заң жобасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйелі шараларға негізделетін болады, олар: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында құқық қолдану практикасын бағалау мақсаты болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті, сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және зерделеуге бағытталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі және сыртқы талдауды; білім беру, ақпараттық және ұйымдастыру сипатындағы өзге де іс-шаралар кешеніне негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды қамтиды. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны, сондай-ақ кірістер мен мүлік туралы декларацияны қамтитын қаржылық бақылау іс-шаралары да көзделген. Жекелеген нормалар сыбайлас жемқорлыққа байланысты шектеулер мәселелерін реттейді.
Жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе маслихаттарының депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін теріс пайдалануға және әрекеттерді жасауға жол бермеу мақсатында, олар өздеріне шектеулерді жазбаша нысанда қабылдауға міндетті.
Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысуына байланысты заң жобасымен жеке тұлғалар, ұйымдар және өзге заңды тұлғалар қолдануы мүмкін шаралар көзделіп отыр, олар: сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалғаны туралы белгілі фактілері туралы хабарлама; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілермен өзара іс-әрекет; ғылыми және әлеуметтанушылық зерттеулер және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін жұртшылық үшін қолжетімді өзге де іс-шараларды жүргізу.
Комитет отырысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.
Бұл заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Оның жекелеген ережелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы негізгі заң жобасының нормаларына сәйкес жаңадан қабылданған ұғымдармен және олардың түсініктемелерімен байланысты болып отыр.
Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін