Тағдыры қыл үстінде тұрған Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі мен қайын інісі жоғалып кетті - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
0 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тағдыры қыл үстінде тұрған Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі мен қайын інісі жоғалып кетті

Тағдыры қыл үстінде тұрған Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі мен қайын інісі жоғалып кетті

Бірер күн бұрын БАҚ құралдарында тағдыры қыл үстінде тұрған Қытайдан келген қандасымыз Сайрагүл Сауытбай туралы ақпарат жарияланды. Осыдан екі жыл бұрын күйеуі мен балалары Қазақстанға көшіп келгенімен, Сайрагүлдің өзі шекарадан аса алмаған.

  • 29 Мамыр 2018
  • 347
Фото - Caravan.kz

Оған себеп – Сайрагүлдің Қытайда мемлекеттік қызметте болуы, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Келіншек бірнеше жылдан бері балаларымен тек шекарада кездесіп келген. Ақырында шыдамай, биылғы жылдың сәуір айында Қазақстан шекарасына заңсыз басып кірген. Балаларын сағынып, осындай қадамға баруға мәжбүр болған ана қазір түрмеде отыр.
Ол аздай, шекара қызметінен келген белгісіз біреулер Сайрагүлдің күйеуі мен ел алдына шығып, шындықты айтқан қайын інісіне қоқан-лоққы көрсеткен көрінеді. Енді қысымға ұшыраған отбасы мүшелері қашып жүр. Бұл туралы Сайрагүлдің қорғаушысы Абзал Құспанов журналист Сәуле Әбединоваға айтып берген.

“Сайрагүл Сауытбайдың тергеушісі Влад Антонов деген адам екен, телефон нөмірін тауып, бірнеше рет хабарластым, бірақ телефонын алмайды. Сайрагүлге киім-кешек апару керек… Бас прокурордың назарын аудара отырып арнайы мәлімдеме жасадым. Алдында видеоүндеу жасаған жігіт Нұрболат (Сайрагүлдің қайнысы) қазір үйіне қонбай қашып жүр екен. Себебі, оның отбасына әскери заставадан, шекара қызметінен әскери адамдар келіп, «Неге бүкіл Қазақстанды шулатып жатырсыңдар? Сенің отбасыңды және туыстарыңды Қытайға айдап жібереміз» деп қоқан-лоққы көрсеткен. Одан бөлек, өткен жұмадан бері Сайрагүлдің күйеуін де таба алмай отырмын. Соңғы рет жұма күні сөйлестім. Ішкі істер бөліміне барып, мынадай мәліметтерді аласың деп түсіндіріп айтқанмын. Алайда, содан бері телефонын ала алмай отырмын. Ол да қашып жүрген сияқты… Жаппай қысым көрсету болып жатыр.

Қазір бас прокурорға арыз-шағым жолдап жатырмын. Халықаралық ұйымдарға сұраған мәліметтерді жібердім. Және Сайрагүл Сауытбайға саяси баспана беру туралы Президент жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия төрағасы Әбдіхалықова Гүлшара Наушақызына өтініш жолданды. Еуропадан хабарласты, оларға мәлімет жібердім. Сонымен қатар БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясынан және Европадан хабарласқан Райтманға сұраған мәліметтерді бердім. Енді олар Қазақстан билігіне Сайрагүлді Қытайға беріп жібермеу туралы телефонограмма жіберу керек” – дейді Абзал Құспанов.

Бұл орайда Әбединова Қытайдан келген қазақ келіншегіне орыс тергеуші тағайындалғанына наразы.


“Тергеуші Влад Антоновтың орыс екені айтпаса да түсінікті. Ол Сайрагүлмен қалай сөйлеспекші? Әлде қазақ тіліне жетік орыс тергеуші ме екен? Біздің көкейде осындай сауал туындады.

Достар, Сайрагүлге қатысты кез-келген ақпаратты бөлісіп, үн қосып отыруларыңызды сұраймын. Өз парақшаларыңызда бөлісіңіздер. Жазықсыз жазықты болып өле беруге, өлтіре беруге жол беруге болмайды. “Әр қазақ менің жалғызым” деп тақпақтағанда керемет едік қой. Сол рас болса, бөлісіңіздер, ой қосыңыздар”, – дейді журналист.

Еске сала кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Рысбек Тоқтасын Сайрагүлді өлім не болмаса өмірлік түрме жазасы күтіп тұрғанын айтқан еді.

Оқи отырыңыз:

Қарағандыда 20 адам ауызашардан кейін ұшынып қалды

Бәйгеге түсу үшін арсыздық пен қулық керек: Роза Әлқожа Мейрамбек Бесбаевқа ренжігенін айтты 

Мәжілістегілер елге пальма майының көптеп әкелінуіне алаңдаулы
 

 

 

Соңғы жаңалықтар