Таразда жаңа тұрғын үйлердің төбесінен су сорғалап тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таразда жаңа тұрғын үйлердің төбесінен су сорғалап тұр

Таразда жаңа тұрғын үйлердің төбесінен су сорғалап тұр

Таразда мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілген жап-жаңа тұрғын үйлердің төбесінен су сорғалап, жұртты әбігерге түсіріп жатыр. Пайдалануға берілгеніне жыл өтпей жатып, баспана сапасының сыр беруін бұқара мердігердің салғыртығынан дейді. Ал өзіне шаң жуытпаған жауапты компания бар кінәні тапсырыс берушіге, яғни қалалық құрылыс бөліміне артуда.

  • 28 Қаңтар 2015
  • 377
Фото - Caravan.kz

Жеті жыл бұрын кезекке тұрып, өткен жылы баспаналы болған жалғыз басты әйел Гүлшат Телеуованың қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Жыл өтпей жатып төбеден қайта-қайта су ағып, осымен үшінші рет пәтеріне жөндеу жүргізген. Бірақ еріген қар суы оның еңбегін еш етті.

Мына дүниеміз, үй-мүлкіміз де құрып жатыр. Жөндеп береміз деді, әлі жоқ күтіп отырмыз.

Баспаналар мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілген. Тұрғындар пәтердің көлеміне қарай ақы төлеп тұрады. Бірақ үкіметтік жобаның шарапатын көремін дегендер шаш етектен шығынға батып жатыр. Бөлмелердің быт-шытын шығарған қар суы енді подьездерге жетті. Шелектеп сорғалаған су тұрғындардың төбесіне төгілуде.

-Көп қабатты үйдің сыртқы келбеті де мәз емес. Тұрғындардың айтуынша, өткен жылы бұл ғимараттың сыртқы сылағы опырылып жерге түскен. Бірақ мердігер компания оны ың-шыңсыз келіп қайта жөндеп кетіпті. Алайда тірліктерін шала-пұла атқарған сыңайлы. Себебі сол сыланған жер қайта түсіп жатыр.

Рано Кенжеханова, Тараз қаласының тұрғыны:

-Тұрын үйге 5-6 рет шағым айттық. Үйдегі сулардың екіпіні төмен. Одан кейін бесінші қабатқа көтерілмей, өшіп қалады. Мен мүлдем түсінбедім.

Ал тұрғын үйді салған мердігер кемшіліктерді бес саусағындай біліп отыр. Оған ғимарат жабындысының теріс түсуі себеп дейді. Яки, су ағар үйдің артына емес, алдына шығарылған. Соның кесірінен мұз қатып, одан еріген су ішке ағатын көрінеді.


Бақытжан Жолдыбаев, «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС прорабы:

-Бұл жерде кім нінәлі болып тұр.? Кінәліні айта алмаймын енді.Тапсырыс беруші ме? Қалай тапсырыс берілді солай істелінді жұмыс.Тапсырыс берушілер қалай жоба жасады, солардың айтуымен жасадық. Жобадан ауытқуға болмайды.

Осылайша мердігер сметалық жобадан кеткен қателікке шенеуніктерді айыптауда. Оның ғимарат шатырын талапқа сай етіп қайта жабу ойында да жоқ. Ал қаланың атқамінерлері құрылыс компаниясы басшысының айтқанын жоққа шығарып отыр. Үйдің жобасын тіс қаққан мамандар жасап, ол мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Сондықтан оған күмән келтіру қисынсыз дейді.