Жарияланды: 1200

Тарихи шындыққа сәйкес бір ұлтты ғана бауыр халық деп айтамыз, ол - қазақ халқы- Шешен Республикасы Парламентінің төрағасы Д.Абдурахманов

Жуырда Қазақстанға Шешен Республикасы Парламентінің төрағасы, делегация жетекшісі Дукуваха Абдурахманов бастаған парламентшілер келді.

Шешен және Ингуш республикаларының депутаттары еліміздің бірқатар лауазым иелерімен, тұрғындармен жүздесіп, Қазақстан туралы жүрекжарды пікірлерін білдірді. Делегация жетекшісі Д.Абдурахманов мырза Шешен елінің сәлемін жеткізіп, өз ойларымен бөлісті. - Дукуваха Баштайұлы, Қазақ еліне келген сапарыңыздың мақсатын айтып өтсеңіз? - Біз Қазақстандағы «Вайнах» шешен және ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығының шақыруымен келдік. Осы сапарымызда вайнах халқына, Шешен Республикасы Президенті Рамзан Қадыровтың атына айтылған жылы лебіздерді, ізгі ниеттес тілектерді жиі естідік. Ол үшін қазақ халқына, Қазақстанның барша тұрғындарына ризашылығымызды білдіреміз. Көптеген жоғары деңгейде кездесулер өткізілді. Өз кезегімізде біздер барша халыққа, Қазақ еліне Шешен Республикасы Президенті Рамзан Қадыровтың үлкен құрметпен жолданған құттықтау сәлемін жеткіземін. Рамзан Қадыров, әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша сәлем жолдады. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы сынды саяси көшбасшының бар екенін мақтан тұтамыз. Ол қиын кезде тек қана Ресейге емес, Шешен Республикасына да көмек қолын соза білді. Вайнах халқы соғыстарды, трагедиялық ауыр кезеңдерді бастан кешті. Атап айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында сталиндік репрессияға ұшыраған біздің ата-аналарымыз қазақ жеріне еріксіз қоныс аударылды. Сол кезде біздің ата-аналарымызды қабыл алып, қамқорлық жасаған қазақ халқы мыңдаған отбасының аман қалуына жағдай жасады. Өз үйлеріне кіргізіп, жарты нанды бөліп берді. Иә, сіздер бізді қабыл алдыңыздар. Сол кезде бәрі шешен мен ингуштерді «халық жауы» деп көзге шұқып жатқанда, әрине, қабыл алу оңай емес. Біз халқымыздың жартысынан айырылдық. - Өзіңіз қазақ жерінде туған екенсіз. - Иә. Біздер кейін атамекенімізге оралдық. Біз Кавказға қазақ тілін біліп бардық. Мәселен, біз грузин халқын, тарихын білсек те, тілін білмейміз. Ал мұнда туған, тұрған шешендер қазақ тілін біледі, үйреніп жатыр. Осында тұратындар бейбіт елде өмір сүріп жатқанын мақтан тұтады. Қазақстанға іссапармен келу мен үшін екі есе қуаныш. 30-31 мамыр күндері Қарағанды облысында және Астана қаласында өткен сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандарға тағзым ету шараларына қатыстық. Қазақстан Президентінің Жарлығымен 31 мамыр жазықсыз құрбан болғандары еске алу күні болып белгіленген екен. Біздер өткен ғасырдағы қасіретті де сұрапыл жылдарды еске ала тұрып, Назарбаевтың өте дұрыс шешім қабылдағанына көз жеткіздік. Өйткені саяси кеңістікте жаңадан Сталиндер, Бериялар және басқалар пайда болмауы үшін біз келешек ұрпақтарымызға дұрыс із қалдыруымыз керек. Адамзатқа қарсы шығатын қоғамдық жүйе пайда болуына жол бермеуіміз керек! Назарбаевтың айтқан сөзінен мен санама бір ойды түйіп қалдым. Егер Гитлер басқа халықтардың көзін жойса, ал Сталин өз халқын қырғынға ұшыратты. Шынымен де, бұл әр адамға ой салатын сөз. Бүгінгі таңда да арамызда сталиншіл адамдар бар кезде, мұндай ойды айту үшін саяси батылдық қажет. Біз оны халық қасіретін жүрегінен өткізген ұрпақ ретінде жақсы түсінеміз. Өз Отанымыздан тысқары кеткен қандастарымыз көп. Бізді өз бауырына тартқандықтан шын мәнінде, тарихи шындыққа сәйкес бір ұлтты ғана бауыр халық деп айтамыз. Ол - қазақ халқы. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастықта Қазақ елі - ұлы мемлекет. Назарбаев - ұлы мемлекеттік қайраткер. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің өзара достық қарым-қатынасын жақсы білеміз, бізге деген оң ықыласын жоғары бағалаймыз. - Айтсам деп жүрген қандай ой-пікіріңіз бар? - Сталиннің бізді жер аударып және «Ұлы Отан соғысына шешендер соғысқан жоқ» деген жалған сөзге қарсы айтар нақты мәліметім бар. 1942 жылы 40 мың шешен мен ингуш Ұлы Отан соғысында жауға қарсы соғысты! Бүгінгі таңда Путин мен Назарбаевтың және Қадыровтың арқасында біз тарихи құжаттарға қол жеткізіп отырмыз. Рейхстагқа көптеген ту тігілген екен. Рейхстагқа ту тіккендердің бірі - Исмаилов деген шешен азаматы. Оның түскен фотосуреті де бар. - Шешен елінің бүгінгі тынысы туралы қысқаша мәлімет берсеңіз? - Кішкентай ғана Шешен Республикасында 700 саяси-қоғамдық ұйым бар, біздің елде 40 ұлттың өкілі тұрады. Құрамына аз ұлттар кіретін 14 мәдени автономиялық орталық бар. Ол өз тілінде оқуына құқығы бар. Біздер ұлттар достығын паш ететін фестивальдар өткізіп тұрамыз. Бір палаталы Парламентімізде 41 депутат бар. Өткен жылы желтоқсан айында Парламенттің 5 жылдығын атап өттік. Бірінші сессияның ашылуына Владимир Путиннің өзі келіп қатысып, қолдау көрсетті. - Қазақстанға келген сапарыңызда қандай ой түйдіңіз? - Сіздер биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын қарсы алғалы тұрсыздар. Осы орайда ізгі тілектестігімізді білдіреміз. 3 сәуірде өз мемлекеттеріңіздің Президентін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлап алдыңыздар. Осы халықтық жеңістеріңізбен құттықтаймын. Бір тудың астына біріккен қазақ халқын ерекше қадірлейміз. Біз мұнда келгенде шешен диаспорасының ел қатарлы өмір сүріп, еңбек етіп, білім алып жатқанын көрдік. Шынымен де біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты құрмет тұтамыз. 2007 жылы Грозный қаласы басшысының шешімімен республика астанасының көрікті бір көшесіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Назарбаевтың бастамасымен Грозный қаласында көп қабатты тұрғын үй салынды. Ол ресми түрде «Қазақ-шешен достығы үйі» деп аталады. Алайда, бұл үйді жергілікті тұрғындар «Қазақтар үйі» деп құрметпен атайды. Егер кезінде Сталинградта «Павлов үйі» әлемге әйгілі болса, сол сияқты «Қазақтар үйі» де бүкіл Шешен Республикасына, Ингушетия мен Дағыстанға белгілі ғимарат. Ол Грозныйдың нақ орталығында, қала әкімшілігі ғимаратына таяу жерде орналасқан. Жанында мұнай институты мен діни орталық бар. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлына вайнах халқы атынан шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Қазақстан Елбасының Шешен еліне іссапармен келуін қалаймыз. Біз оны жақсы білеміз. Мемлекет басшысы арқылы қазақ халқы және Қазақстан туралы ойлаймыз. Вайнах халқы әрқашан қазақ елінің өркендеуіне тілектес. Шешен елінің бастамасымен Грозный қаласындағы №1 лицейге Қазақстан Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Аталған лицей республикадағы тарихы мол және өте танымал білім ордасы. Осы лицейді бітірген көптеген азаматтар мемлекет және қоғам қайраткері болып, елге танылды. Ақын-жазушылар тәлім алған. Бүгінгі таңда да 700-дей оқушы жаңа заманда білім алуда. Қазақстан Президенті лицейге «FORD» шағын автобусын, қазіргі заманғы компьютерлік сынып жабдықтарын табыс етті. - Ұлттар достығы, елдер арасындағы ынтымақтастық байланыстың қарқын алуы туралы, қазақ елінің қамқорлығы жайлы айтқан ойларыңызға көп рақмет. Депутаттық қызметіңіз абыройлы бола берсін!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть