Сергей Скоробогатов екі күннен бері жұмысты да, ұйқыны да ұмытқан. Ауласына су кіріп, көлігі тұрған гаражы мен моншасын басып қалды. Тәулік бойы қызыл судың деңгейін өлшеп жүрген Сергей енді «үйді де су шайып, сергелдеңге түсем бе?» деп қауіптенуде.
Сергей Скоробогатов, Семей қаласының тұрғыны:
— Төтенше жағдайлар қызметі келіп, суды сорып алып жатыр. Өзім де қолымнан келгенше арпалысып жүрмін. Әйтеуір үйге әлі кіре қойған жоқ.
Қала шетіндегі ықшамауданда осындай ондаған аула қызыл судың астында қалды. Тұрғындар оған ертерек қам жасауға болатын еді дейді. Бірақ, қанша рет жол бойына арық салуды өтінгенімен, ешкім құлақ аспапты.
Ақаш Нұржақыпов, Семей қаласының тұрғыны:
-Осы жолдарды дұрыстаса, бұл су болмайды! Жолдың кесірінен болып тұр мынау. Автобустар жүрмейді. Балалар сабаққа бара алмайды. Сенбі барған жоқ, бүгін де барған жоқ.
Су көтерілген соң, құтқарушылар да қауырт жұмысқа кіріскен. Жеке үйлер орналасқан аумақта тәулік бойы қызмет көрсетуде. Тіпті, баспаналарына кіре алмай жүргендерді қолымен көтеріп, қолғабыс жасауда.
Дмитрий Алябьев, Семей қалалық ТЖБ бөлім бастығы:
-Қала бойынша су соратын 4 құрылғы үздіксіз жұмыс істеуде. Оған қосымша қолда бар басқа техниканы да кірістірдік. Үйлерге су кірмес үшін тырысып жатырмыз.
-Су қала шетіндегі аумақтардан бөлек орталықта да жайылып жатыр. Мәселен мына көшеден су сорылғанымен, деңгейі төмендер емес. Жаяу жүргінші тұрмақ, көліктерге де бұл жерден өту азап.
Түнде суытқанымен, күндіз күн «қайта жылиды» деген болжам бар. «Су қайта көтеріле ме?» деп қауіптенген тұрғындар енді баспаналарын айналдыра бөгет жасап жатыр.