Тасқыннан зардап шеккендерге жылу жинап жүргендердің бәріне бірдей сене бермеу керек - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тасқыннан зардап шеккендерге жылу жинап жүргендердің бәріне бірдей сене бермеу керек

Тасқыннан зардап шеккендерге жылу жинап жүргендердің бәріне бірдей сене бермеу керек

Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерге жылу жиналып жатыр. Бірақ әкімдіктегілер қаптаған еріктілер тобына жұрттың сене бермеуін сұрайды. Өйткені біреудің қайғысын пайдаланып, өзінің қамын күйттейтіндер аз емес. Әйтсе де, қызыл судың кесерінен қаңғырып қалған ағайын ең бастысы өз шаңырақтарының бүтінделгенін тілеп отыр.

  • 18 Сәуiр 2017
  • 2554
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Бірінші топтағы мүгедек Ерболат Жамиевтің үйін су ағызып кеткен. Қазір өзімен тағдырлас жүзге жуық адаммен бірге мектептің спорт залында тұрып жатыр. Тілінің мүкістігінен ол ештеңе түсіндіріп бере алмады. Бірақ түксіз қалғандарын көршілері жылап тұрып айтып берді.

"Келінім, қыздарым бәрі қаңғырып жүр. Екі немерем бар. Баратын жерім жоқ. Пәтерге ақшам жоқ" дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұргүл Мұқашова.

Қазір далада қалған мыңнан астам адамды паналатуға он екі жер әзірленіпті. Жұрт ол жерден үш мезгіл тамақтарын ішіп, сонда түнеп жүр. Ал қала тұрғындары болса, жерлестеріне жан-жақтан жылу жинап жатыр. Облыстық мешіт жанындағы зекет қорына да кешелі бері киім-кешек, азық-түлік, көрпе-жастығын құшақтап жүздеген адам келген.

"Киімдей, заттай әкеліп жатыр. Баланың ойыншықтарына дейін. Тіпті, кейбіреу ақшалай әкеліп жатыр. Ақшаны да қабылдап жатырмыз" дейді «Зекет» қорының жетекшісі Дәмен Өмірбек.


Қазір Ақтөбеде жылу жинайтын еріктілер тобы қаптап кеткен. Бірақ барлығына бірдей сене беруге болмайды дейді шенеуніктер. Өйткені, біреудің қайғысын пайдаланып, өз қамын күйіттейтіндері де бар. Үйлерін су басқан жұрт ұрылардан да қорқады. Кәдеге жарайтын дүние тіпті қазір де қарақшылардың қолында кетіп жатыр екен.  

Бүлінгеннен бүлдіргі алуға бейім адамдарды ұстау үшін тәртіп сақшыларына күні-түні күзетте тұруға бұйрық берілді. Олар көмекке еріктілер де тартылса артық етпейді деп отыр.