Жарияланды: 1000

Тек сапалы жолдар ғана республиканы транзиттік торапқа айналдырады - ҚР президенті

"Біздің көздегеніміз- Қазақстанды транзиттік мемлекетке айналдыруға саяды және мұндай ахуалға тек сапалы жолдардың көмегімен ғана қол жеткізе аламыз". Бүгін, 13-қазанда Астана-Алматы тас жолының салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай пікір білдірді.

Елбасының пайымдауынша, "жол құрылысы - мемлекет дамуының айрықша маңызды көрсеткіштерінің бірі. Елдің даму деңгейн жолдарына қарап-ақ бағалауға болады". Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздегі жолдардың басым бөлігі жарамсыз күйде. Республика бұл жолдарға 40 жыл бойы көз қырын сала алған жоқ. "Бүгінде еліміз жолдарды қалпына келтіру мүмкіндігіне , ең негізгісі осындай қажеттілікке, мүдделілікке ие болды",- деді президент. Елбасы осы орайда қазір Атырау-Орал жол құрылысы салынып жатқанын, сондай-ақ, Алматы-Бішкек тас жолын салу жұмыстары қолға алынып, Алматыдан Қостанай арқылы Челябіге шығатын жол құрылысын салу жоспарланып отырғанын еске сала кетті. Елбасының пікірінше, жол құрылысын салу - үлкен көлемде жұмыс күшін тартуға мүмкіндік беру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеумен бірге, ең бастысы "бұл жолдар елімізді дамытуға қызмет ететіндігімен маңызды". Ұзындығы 1224 шақырымды құрайтын Астана-Алматы тас жолы еліміздің төрт облысының аумағы арқылы өтеді. Бұл жолды жөндеу және оңалту жұмыстары 1997-жылы басталған. Жол құрылысына 250 млн. доллар көлемінде инвестиция құйылып, оның 238 млн.-ы жол -құрылыс жұмыстарына жұмсалды. Жолды салуға 7 мың адам жұмылдырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін