— Қаншаға сатып алдыңыз?
– 6 мың долларға…
Бұл Қазақстандағы жетімдердің орташа құны. Шымкенттегі перинаталдық орталықтың екі қызметкері жаңа туылған сәбиді 6 мың долларға сатып жіберген. Бұл кәсіпті табысты бизнеске айналдырып алғандардың тілін тапсаңыз, перзентханалар мен жетімдер үйінде бағасы «қолжетімді» бала көп. Ақшаға әбден құныққан делдалдардың базардағы саудагерлерден еш айырмашылығы жоқ. Сәбилерді тіпті нашақор, ақыл-есі адасқан науқастар мен түрмеде отырып келген қылмыскерге де ұстатып жіберген. Тіпті дені сау ұл-қыз қатерлі «дертке шалдықты» деп жалған диагноз қойып мұхит асырып жібереді екен. Ең сорақысы қазір шетелдіктер асырап алған 700-ге жуық қаракөздің не өлі, не тірі екені белгісіз.
Асхат Дауылбаев, ҚР Бас прокуроры:
-Соңғы 15 жылда елімізде 50 мың бүлдіршін асырап алынған. Оның 9 мыңы шетел асып кеткен. Бүгінде жат жерге кеткен 673 баланың қайда және қалай өмір сүріп жүргені туралы мүлдем ақпарат жоқ. Бұл Білім мен Сыртқы істер министрлігінің жауапсыздығы.