Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
– Елдос Ерғазыұлы, жақында кітапханаларыңыздың жаңарып, жаңа үлгіде ашылғанын көрдік. Мұнда қандай жаңашылдық бар?
– Қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген ойын негізге алатын болсақ, адамзат тарихындағы мәдениеттің қалыптасуы, өркениетке жетуіміз, еркін және сын тұрғысынан ойлауымыздың бәрі – кітап оқығанның жемісі. Қазіргі біз өмір сүріп жатқан алмағайып заманда, интернеттің үстемдік етіп тұрған дәуірінде жаһандық үрдістің көзсіз көмейіне жұтылып кетпес үшін ойлауды тоқтатпау керек. Осы орайда француз ойшылы Дени Дидро: «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды» дейді. Расында да, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін ең алдымен оған жағдай тудыруған жөн. Ол үшін бізге университет кітапханаларының қазіргі келбетін заманауи үлгіде жасау қажет болды.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінде ашылған кітапхананың ерекшелігі, біріншіден, заманауи қызмет көрсететін техникамен жабдықталған. Бұл қазіргі кітапханалардың жаңашыл келбетін көрсетеді. ID картаңыз болса, кітапхана қызметін ешкімнің көмегінсіз өзіңіз ала аласыз. Алған кітабыңыз ID карта көмегімен тіркелгеннен кейін, қауіпсіздік станциясынан өте бересіз. Яғни еш алаңсыз қалаған кітабыңызды алып кетіп, болмаса, сол жерде оқи аласыз. Тегін жылдам сканерлеп немесе қажетті тұсын қағазға басып шығару, электрондық поштаңызға жіберу мүмкіндігі тағы бар. Екіншіден, кітапхананың негізгі тұжырымдамасы – 24 сағат қызмет көрсету. Шетелдік университеттердің тәжірибесіне сүйенсек, ол өзінің білім алушылары мен маңайдағы тұрғындарына тәулік бойы қызмет көрсетеді. Өзіңіз қалаған уақытта, сабақтан, жұмыстан кейін болсын, кітапханада отырып жұмыс істей бересіз. Үшіншіден, RFID технология барлық қордың айналымын, сұранысын реттеп отырады. Мысалы, студент оқуға түсіп, бітіргенге дейін қандай кітаптарды алды, қанша пайдаланды дегенге мониторинг жасай алады. Кімнің кітапханаға баратынын, бармайтынын, қанша кітап оқығанын бақылауға болады. Төртіншіден, кітапхана қызметкерлері инвентартизация құрылғысымен барлық кітаптарды жылдам тексере алады. Кітапханада қай кітап бар, қай кітап қолда деген мәліметті көре алады.
– Қазір жұрттың кітап оқуға ынтасы азайғаны жасырын емес. Осының алдын алып, оқырман қатарын арттыру үшін кітапханалар тың тәсілдерді қолданып жатыр. Осындай бастама бар ма?
Бұл – осымен университетіміздің факультеттерінде ашылған 4-ші кітапхана. Бұған дейін тарих, биология-география, педагогика факультетінде ашылған еді. Қазір шетел тілдері факультетінде ашу жұмыстары басталды. Олар бір-біріне ұқсамайды. Әр факультеттің өзіндік ерекше үлгісімен жасалған. Филология кітапханасында 8 зал бар: конференц зал, жеке жұмыс залы, сирек кітаптар қоры залы, мультимедиялық ресурстармен жұмыс істеу аумағы, оқу залы, этнозона, абонемент, кітап қоры залы.
Елдің, әсіресе жастардың кітап оқуға деген ынтасының азаюы – кітап оқу мәдениетіне деген көзқарастың дұрыс қалыптаспауынан, қазіргі қазақ қаламгерлерінің оқырман сұранысын қанағаттандыра алмауынан, қоғамдағы материалдық жағдайдың рухани құндылықтардан жоғары тұруынан және жиі талқылануынан, қысқаша ойлау жүйесін қалыптастырып жатқан интернеттің, түрлі әлеуметтік желілердің әсерінен болып жатқан дүние. Осы олқылықты жою мақсатында университетіміз осындай тың бастамаға барып отыр. Мұның алдағы уақытта өз жемісін беретініне сеніміміз мол. Қазіргі заманауи кітапхана тек оқу орны емес, шығармашылықты насихаттайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани алаңға айналу керек және ол кез келген уақытта қолжетімді болуы керек.
– Қорда қанша кітап бар? Қандай әдебиеттерге басымдық берілген?
– Кітапханамызда 200 мыңнан астам кітап қоры бар (жалпы университет бойынша 1 млн 800 мыңнан астам), оның 2000-нан астамы – сирек кітаптар қоры. Кітапхана аумағы – 400 шаршы метр. Көбіне оқу үдерісіне қажетті оқулықтармен, ғылыми еңбектермен және бай көркем әдебиетпен қамтамасыз етілген. Бұған қоса жыл сайын жаңадан қажетті оқулықтарға өтінім беріліп отырады.
– Кітап күніне байланысты қандай іс-шаралар жоспарланған?
– Бұл жерде тек кітап оқып қана қоймай, түрлі іс-шараларды да ұйымдастырамыз. Кітапхананың ашылу салтанатына қазақ руханиятының жоқтаушысы, заңғар жазушымыз Мұхтар Мағауиннің ұлы, журналист Едіге Мағауин қатысты. Одан кейін «Қарағанды көктемі» жазушылардың республикалық ұлттық проза фестивалі осы жерде болды. Кітап күні қарсаңында Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытовтың қатысуымен кездесу өтті. Заманауи, жарық әрі қолжетімді орында білім алушыларымыздың кітап оқуға деген құлшынысы артқандай.
– Соңғы уақытта өзіңіз оқып, ерекше әсер алған кітапты атап өтсеңіз.
– Ең соңғы оқыған кітабым Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» және журналист Мақпал Орынбетованың «Әкем айтады» әңгімелер жинағы болды. Соңғы кітап автордың әкесі, журналист, абыз Қасым ақсақалдың өмірден көрген, түйген оқиғалар желісімен байланысты. Ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиеге негізделген жинақтың берері мол деп есептеймін.
– Жас оқырмандарға қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіз?
– Тұрсынбек Әлиұлының «Австралияда нең бар еді, құлыным?», Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы», Андре Моруаның «Жас жігітке өмір туралы ашық хат» шығармаларын оқуға кеңес беремін.
Сөз соңында, кітап күні қарсаңында көпшілікке айтар ұсынысым, той-томалақта, қонақта болсын, тойбастарға қажетсіз заттар бергенше, кітап беру сияқты пайдалы дүниелер жасаған абзал. Мұндай үрдісті кейбір жерлерден көріп те жүрміз. Сөйтіп, бір отбасының немесе жекелеген азаматтардың сауатын ашып, ой саламыз, кітапқа деген құрметті, оқу мәдениетін қалыптастырамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет.