Жарияланды: 430

Тұмауға қарсы жаппай иммундау желтоқсанға дейін ұзартылды

Алматыда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралуына жол бермеу үшін халықтың әлсіз топтарына екпе жүргізу толығымен аяқталды.

Мектепке дейінгі мекемелер балаларына, медицина қызметкерлеріне, жиі ауыратын балалар мен егде адамдарға, өкпе және жүрек аурулары асқынған адамдарға, аяғы ауыр әйелдерге жергілікті бюджеттің қаржысына тұмауға қарсы 30 390 доза вакцина сатып алынған болатын. Егу жұмыстарымен 10 045 медициналық жұмысшы, балалар мен ересектердің жабық мекемелеріндегі 1 435 адам, аяғы ауыр 900 әйел қамтылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті ағымдағы уақытта ЖРВИ-дің өршу маусымы басталғанымен, тұмау жағдайы әзірге тіркелмегендігін хабарлады. ЖРВИ-дің эпидемиялық шыңы қазан-қараша айларына, тұмаудың - желтоқсанның соңы мен қаңтар айларына түседі деп болжануда. Ауруды алдын алудың ең тиімді тәсілі - вакцинация болып табылады. Балалар мен ересек адамдарды маусымдық тұмаудан қорғауға арналған екпе құрамында А және В тұмауы індетінің штамдары қосылған. Ол жасалғаннан кейін екі аптадан соң иммунитет күшейіп, ол бір жылға дейін сақталады. Аяғы ауыр әйелдерде тұмаудың асқыну қаупі жоғары болғандықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оларға екпені жүктіліктің екінші және үшінші кезеңінде салуды ұсынады. Алдын алу шараларын одан әрі жүргізу қажеттілігіне байланысты, жаппай иммундау іс-шаралары ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, тұмауға қарсы эпидмаусымның барлық мерзімінде егілуге болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін