Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңалауға бағытталған аса күрделі әрі өзекті мәселені қашан болмасын шешуге тура келетіндіктен оған ерте бастан кірісе берген жөн. Осыған байланысты, үкімет басшысының пайымдауынша, қаржыландыратын қайнар көздерді анықтай отырып, апатты жағдайдағы үйлерді құлатуға және тозығы жеткен тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған аймақтық бағдарламалар жобасын жасап жүзеге асыру керек. Д.Ахметов сондай-ақ, тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін ҚР-ның «Тұрғын үй қатынастары» жөніндегі заңына өзгерту енгізу қажеттігін атап көрсетті. «Тұрғын үй қатынастары жүйесіндегі қызмет сапасы мен көлемін нақты айқындау механизмін жасау қажет»,- деді Д.Ахметов.
Сонымен қатар үкімет іс-қызметінің басымдық берілген бағыттарының бірі ретінде Даниал Ахметов үй салуға ипотекалық несие берудің шарттары мен механизмдерін жетілдіру талабын атады. Бұл — азаматтарымыздың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін арттырады деді үкімет басшысы.