Астаналық Еркін Бейбітхан – апластикалық анемияның ауыр түріне шалдыққан 3 жасар қызына ем іздеп Түркияға барған отандастарымыздың бірі. Шамамен бір жыл кезекте тұрып, шетелде емделу үшін мемлекеттік квота күткен жас отбасы ақыры Ыстамбұлдағы клиникаға жеңілдік алыпты.
Еркін Бейбітхан:
– Баламды 5 ай дайындады. Менің жілік майымды алып, ауыстырды. Осыдан 3 жұма бұрын жасады. Енді нәтижесін күтіп отырмыз. Менің клеткаларымның қызымның денесінде өсіп-жетілуін күтіп отырмыз.
Еркін сынды талайға үміт отын ұялатқан – «МедикалПарк» клиникалар желісі. 1995 жылы Түркияда іргесі қаланған орталықтың 2 аурухана кешені, 13 клиникасы мен 2 медицина орталығы бар. Қазіргі таңда кардиохирургия, онкология, трансплантация секілді күрделі медициналық қызметтерді ұсынады. Оның ішінде «ЭКО»-ның орны ерекше. Себебі мамандар жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы ауыр дертке шалдыққан перзентіңізге толығымен донор бола алатын сәби сүюіңізге көмектеседі.
Тунч Фишгин, профессор, балалар гемотологы:
– Әлемдік донорлар базасынан сәйкес келетін жанды табу ұзақ уақытты талап етеді. Ал онкологиялық ауруға шалдыққан жанға әрбір минут маңызды. Біз тек жілік майын ауыстырумен емес, ұрықтандыру арқылы донор жасай аламыз. Одан алынған жілік майы 16 жыл сақталады.
Мұндай оталардың нәтижелілігі 70 пайызды құрайды. Бұл әлемдегі ең жоғарғы көрсеткішке ие клиникалармен тең.
– Әлемге әйгілі «МедикалПарк» емханалар жүйесі кездесетін дерттің 90 пайызына жуығын емдеп, науқастың сауығып кетуіне барын салатын санаулы мекемелердің бірі. Бұл клиниканың басты ерешелігі мидағы ісікке пышақсыз ота жасалады. Науқастар алдымен осы бөлмеде қаралып, кейін арнайы қондырғы орналасқан жерге жіберіледі. «Gamma knife» немесе сәулелі пышақ деп аталатын бұл құрылғы қалың темір есіктің арғы жағында сақталады. Оның басты ерекшелігі мидың сыр берген қабатына бірден 300 сәуле түсіріледі. Операция кемінде 15 минутқа созылып, толығымен мамандардың бақылауында болады. Егер барлығы ойдағыдай өтсе науқас бірден үйіне жіберілуі мүмкін.
Түрік мамандары Паркинсон ауруын емдеу үшін ағзаға арнайы батарея орнатып, адамның қимылын ширақ етеді. Қондырғы қосылғанға дейінгі және оның жүйкеге әсер еткен сәтіндегі көрініс жер мен көктей.