Жарияланды: 590

Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан бағытындағы газ құбырының маршруты айқындалды

Өткен күндері Ашхабадта бас қосқан газ құбыры жобасын жүзеге асыру жөніндегі басқарушы комитеттің алтыншы отырысы Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан бағытындағы газ құбырының маршрутын айқындады ,- деп хабарлайды turkmenistan.ru.

Отырысқа қатысқан үш мемлекеттің мұнайгаз мекемелерінің басшылары "оңтүстік газ дәлізі" деп аталған бағытқа басым дауыс берді . Сөйтіп отырыста газ құбыры Герат-Кандагар-Кветта-Мултан бағыты бойынша 1650 шақырымға созылады деп шешілді. Отырыста құбырдың техника-экономикалық негіздемесін жасау жұмысын қаржыландыруға демеушілік жасаған Азия даму банкі тарапынан ұсынылған "солтүстік" бағыттағы үлгі де қарастырылды. Ол бойынша газ құбыры Шибирга-Кабул-Исламабад-Лахор бағытында тартылуы тиіс болатын. Алайда, Түрікменстан мұнайгаз өнеркәсібі және минералдық ресурстар министрі Тачберды Тагиевтің айтуынша, бұл бағытқа транзиттік мемлекеттердің өздері, нақты айтсақ, Ауғанстан мен Пәкістан тарапынан қарсылық білдірілді. "Солтүстік бағыт Саланг асуы арқылы өтетіндіктен жүзеге асыру қиын",- деді Ауғанстан өкілдерінің жетекшісі, осы елдің тау ресурстары және өнеркәсіп министрінің орынбасары Мир Махфуз Недаи. Оның Пәкістандық әріптесі - Пәкістан исламдық Республикасынан мұнай және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Наим Баигтің айтуынша, Пәкістан аумағында осы таңдап алынған оңтүстік бағытты бойлай құбыр тартуға қажетті инфрақұрылым қалыптастқандықтан "оңтүстік" маршрутты таңдау тиімдірек. Азия даму банкінің Оңтүстік Азиялық жобалар жөніндегі департаментінің бас инженері Ситхапаси Чандердің мәлімдеуінше, газ құбыры жобасын жүзеге асыру жөніндегі басқарушы комитеттің биылғы қазан айында Исламабадта өтетін кезекті отырысына дейінгі кезеңде Азия Даму банкі болашақ көгілдір отын құбырының техника-экономикалық негіздемесінің жобасын жасау жұмысын одан әрі жалғастырып, Пәкістан мен Үндістанның көгілдір отынға деген сұранысын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізбек. Жобаны жүзеге асыруға баса мән беріп отырған Түрікменстан аса ірі әрі болашағы бар деп саналған Яшлар және Тахтабазар кеніштерінде барлау мақсатындағы бұрғылау жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл кеніштерде 1,5 триллион текше метр көгілдір отын қоры сақталған деген болжам бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть