Бұл кешелі бері Сома қалашығындағы аурухананың есігін торуылдаған жұрттың қарасы. Тек өкінішке орай, қаралы хабарды естіп жатқандары көп. Түркия құтқару қызметінің соңғы ақпарына қарағанда, марқұмдардың саны 282-ге жеткен.
— Күйеуімнің не өлі, не тірі екенін біле алмай отырмын! Ең болмағанда кішкене үміт сыйласа ғой, құдайым!
Марқұмдар тізімі әлі де ұлғайюы мүмкін. Өйткені шахта астында тағы 150 адам қалған. Сондықтан іздестіру шаралары тоқтаусыз жүргізілуде. Ал үйінді астынан 370 кенші өз күштерімен жер бетіне шығыпты. Жарылыс кезінде шахтада 787 адам болған. Апат жұмысшылардың таңғы ауысымы басыталған сәтте орын алған екен.
Ал қазір Түркияның көптеген аймақтарында 4 бірдей кәсіподақ ұйымының бастауымен ереуілдер өтіп жатыр. Тіпті арты жаппай тәртіпсіздікке де ұлақан. Бас көтергендер қайғылы оқиғаға тікелей үкіметті кінәлауда. Ал премьер-министр Режеп Тайып Ердоған оқиғаға қатысты бүгін ресми мәлімдеме жасады.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия премьер-министрі:
-Кен орындарында мұндай тосын жағдайлар болып тұрады. Заң тұрғысынан қарағанда, бұл – кәсіпорындағы оқыс жағдай деп аталады. Әрине, бірақ осы жолғысы бізге ауыр қаза әкелді. Сондықтан барлықтарыңызды сабырға, түсіністікке шақырамын!
Бірақ Үкімет басының дәл осы сабырған шақырған сөзі көпшіліктің ызасын тудырғандай. Наразы топ Ердоғанның көлігіне тап берді. Сөйтіп, оның дереу отставкаға кетуі талап етіп жатыр.
Қайғылы оқиға сейсенбі күні елдің батысындағы Сома қалашығында болды. 2 шақырым тереңдікте электр трансформаторы жарылып, шахтаның ауызы үйіндімен бітеліп қалған. Сөйтіп, кеншілердің дені ауа жетіспей, улы газға тұншығып өлген. Айта кетерлігі, бұл Түркия шахталарындағы екінші ірі апат. 92-ші жылы да осындай жарылыс болып, 263 кеншінің өмірі қиылған еді. Қазір 3 күнге елде қаралы күн жарияланып, марқұмдарды аза тұтып жатыр.