Түркияда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+11 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Түркияда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды

Түркияда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды

Соңғы мәліметтер бойынша, Ыстамбұлдың Ататүрік әуежайына жасалған лаңкестердің шабуылынан 41 адам қаза тауып, 230-дан астамы жараланған.

  • 29 Маусым 2016
  • 334
Фото - Caravan.kz

Дені – Түркия азаматтары. Дегенмен, марқұмдардың арасында Сауд Арабиясы, Тунис, Иран, Ирак және Өзбекстан, Украина елдерінің өкілдері де бар. Алайда қастандықты кім жасағаны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Осы қайғылы оқиғаға байланысты билік бүгін жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Қазір жарылыс болған халықаралық Ататүрік әуежайында жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жергілікті биліктің хабарлауынша, 3 жанкешті таксимен келіп, әуежайда атыс ашқан. Артынша 3 жерден жарылғыш заттарды іске қосқан. Олардың бірі өзін көлік тұрағында, қалған екеуі халықаралық терминалда жарып жіберді. Шабуылдан кейін ғимарат жабылып, қонуға тиіс ұшақтардың барлығы өзге әуежайға жіберілді. Әли Текин жарылыс кезінде сонда болған.

— Мен ішкі сапарлар терминалында болғам. Кенет халықаралық терминалда қатты жарылыс даусын естідім. Шабуыл кезінде әуежайда болғандар атыстың болғанын айтады. Алайда мен оны естімедім, дейді куәгер Әли Текин.

— Атыс болғаннан кейін бірден полицей бізге «жерге жатыңдар» деді. Жол жүгін жинайтын машина бізді оқтан қорғап қалды. Артынша жарылғыш затты байқап қалдық. Жақын маңайда тұрғандардың барлығы мерт болды, дейді куәгер Осман Укар. 

Қаншама адамды ажал құштырған қастандық әрекетті әзірге ешбір топ өз мойнына алған жоқ. Дегенмен бұл «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» ісі болуы мүмкін деген күдік бар.


— Қолда бар алдын ала мәліметтердің барлығы бұл қаскөйлік шабуылдар артында «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» тұрғанын көрсетеді. Әзірге тергеу амалдары жалғасып жатыр. Әуежайдағы қауіпсіздік мәселесінде ешбір қателіктердің болмағанын айта кетуім керек, дейді Түркия премьер-министрі,  Бинали Йылдырым

Ал лаңкестердің шабуылына тап болған Ататүрік әуежайы қазір жұмысын қайта жандандырды. Жалпы, бұл әуе айлағы келушілер саны бойынша Еуропада лондондық Хитроу мен Париждегі Шарль де Голльден кейін үшінші орында тұр.