Елімізде түрмедегі азаматтардың санын азайту мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынған. Нәтиже де жоқ емес. Алайда, түрмедегілерді азаптау мәселесі әлі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы елордада өтіп жатқан түрме реформасының IV форумында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо мәлімдеді, деп хабарлайды, Baq.kz тілшісі.
«Соңғы бірнеше жылда түрмеде отырған азаматтардың санын азайту бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Ол жоғары бағаға лайық. Түрме реформасының аясында Қазақстан халықаралық түрме рейтингісінде едәуір жоғары сатыға көтерілді. Осылайша, Қазақ елі көздеген мақсатына жетті. Бұл бағытта атқарылған шаралар жұмыстың негізгі іргетасы болатындығына сенеміз», — деді ол.
Сонымен қатар, Дьердь Сабо елімізде жүргізілген түрме реформасында шетелдік сарапшылардың пікірі ескерілгендігін жоғары бағалады.
«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының көмегімен ұйымдастырылған 3 түрме реформасында айтылған ұсыныстар Ұлттық қылмыстық кодекстің жасалуы мен қылмыстық заңнамаларды орындауда ескерілді. ЕҚЫҰ және біздің офис ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Жоғарғы соты, ҚР ІІМ, ҚР Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, Адам құқықтары жөніндегі кеңсемен әріптестігін жоғары бағалайды. Біз Қазақстанға қылмыстық юстиция бойынша көмекті одан әрі көрсетуге дайынбыз», — деді шетелдік маман.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының айтуынша, әлем елдеріндегі түрмелерде адамдарды азаптау әлі жалғасуда.
«Өкінішке қарай, түрмедегі адамдарды азаптау мәселесі әлі өзекті күйінде қалып отыр. Халықаралық құқық заңнамасымен тыйым салынса да, азаматтарды азаптау әлем елдерінде әлі жалғасуда. Біз осы бағыттағы жұмысызды жалғастыратын боламыз», — деп түйіндеді сөзін Дьердь Сабо.