Туылғанына бір ай толмаған тастанды баланың безбүйрек анасы іздестіріліп жатыр
Тағы да тастанды бала табылды! Бұл жолы Алматы облысының Қарасай ауданында туғанына бір ай болмаған шақалақты тасжүрек анасы бөтен біреудің табалдырығына тастап кеткен. Нәрестені тауып алғандар бірден тәртіп сақшыларына хабарласып, ауруханаға жеткізіпті. Қазір сәби дәрігерлердің қамқорлығында. Ал баласынан безген әйел іздестіріліп жатыр. |
-Осындай баланы соц работник пен ИДН-нің жұмысшылары алып келді. Шамамен 20-22 күндік бала.
Бұл нәресте аудандық ауруханаға екі күн бұрын жеткізіліпті. Шақалақпен бірге киімдері, дәрі-дәрмек пен қолдан тамақтандыратын қоспасы болған. Ұл бала шала туылған немесе өте нәзік дейді дәрігерлер.
Әсия Аманбекова, Қарасай аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі
-Ұл бала. Азият өкілінің баласы. Салмағы 2800, бойы 49. Қазір біздің бөлімшеде жатыр. Медбикелер және біз күнделікті қарап, тамағын беріп отырмыз.
Шақалақты тұрғындардың бірі табалдырығынан тауып алғанын айтып тәртіп сақшыларына хабарласқан екен. Одан бері екі күн өтсе де, нәрестені ешкім іздеп келмепті. Сондықтан өз баласынан жеріген анаға іздеу салынды. Тәртіп сақшылары екі күннен бері табандарынан таусылып, таяудағы ауылдарға дейін аралап шыққан. Алайда әзірге нәтижесіз.
Жанар Имандосова, Қарасай аудандық ІІБ бастығының орынбасары
-Жақында босанған азаматшалардың тізімін алып, сол бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Баланың ата-анасын тауып, жауапкершілікке тарту үшін.
Осы іс бойынша қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ туа сала тастанды атанған сәбиге де қайта құжат дайындалатын болды.
Қазір бір айға толмаған баласын тастап кеткен безбүйрек ана іздестіріліп жатыр. Ол үшін тәртіп сақшылары соңғы бір айда босанған жас аналардың үйлерін аралап шығады. Егер анықталып жатса көкек ана ата-аналық құқығынан айырылып, бейкүнә сәби балалар үйіне тапсырылатын болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін