Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми қортындысы көпшілікті елең еткізген жоқ. Өйткені алғашқы күннен-ақ саудагерлер базардың әдейі өртелгенін айтып ұлардай шулаған еді. Күдіктері алдамапты. Алдымен от «Құлагер» базарына қойылғаны анықталып отыр.
Дәурен Данаев, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:
— Өрт орнынан бірнеше фактілер, жаңағы қасақана өрт қою дегендей, жанғыш заттар, тез жанғыш заттар,бензиннің қалдықтары болған.
Яғни, қаскөйлер алдын-ала тыңғылықты әзірленген. Ал «Құлагерден» тұтанған тілсіз жау «Арал», «Еуразия» базарларын шарпып, 900 контейнерді күлге айналдырды. Қызыл жалынның бұлайша кең жайылуына базардың күзетшілері кінәлі дейді құтқарушылар.
Дәурен Данаев, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:
— Бірақ, олар дереу өртті байқаған кезде «101» нөмеріне телефон соқпай, 1 сағаттан астам арасында өртті өз күшімен өшірмек болған.
Қазір өртенген базарлар түгел қиратылып жатыр. Қала билігінің жоспары бойынша бұл жерге келесі жылы жолайрық салынуы тиіс.Жалпы, Алматыдағы атақты «Барахолканың» басына бұл алғаш рет бұлт үйірілуі емес. Екі ай бұрын «Алатау», «Аян», «Олжа», «Керемет» базарлары жанып кеткен еді. Ол кезде 5 мың шаршы метр аумақ отқа оранып, 2 миллиард теңгеге жуық шығын келген.
Ал бұл жолғы шығын әзірге айтылмады. Саудагерлерді шығынға батырып қастық қылғандардың кім екені де, анықталған жоқ. Тек дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аузы күйген Төтенше жағдайлар министрлігі болса, өрт қауіпсіздігін сақтамаған сауда орталықтарын жаппай тексеруге көшті. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 121 базарды «қара тізімге» енгізіп қойыпты. Яғни біразының есігіне жақын күндері қара құлып салынуы мүмкін.