Жарияланды: 620

Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кейбір заңнамаға енгізілетін түзетулерді парламентке жолдады

Астана. 23 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Үкіметтің бүгін өткен отырысында үкімет мүшелері "Қазақстан Республикасының заңнамасына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын келісіп, оны парламентке жолдауға ұйғарды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Заң жобасы жайында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев баяндап берді. "Еліміздің экономикасының аса бір маңызды саласы болып есептелетін агроөнеркәсіп кешені бүгінгі таңда мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр деп толығымен айтуға болады. Соңғы жылдары аграрлық салада қалыптасқан даму тұрақтылығы бұл күндері де өз жалғасын табуда. Өткен жылы даму қарқыны 108,9% жетті. Жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарларын экспортқа шығару қарқыны да айтарлықтай өсті. Соңғы 5 жылдың ішінде экспорт көлемі 2 есеге өсіп, өткен жылы 2,2 млрд. доллар деңгейіндегі көрсеткішке жетті. Осының барлығы мемлекетімізде Елбасының қолдауымен жүргізіліп отырған салиқалы аграрлық саясаттың дұрыстығының айқын дәлелі. Алайда, саланың бәсекелік деңгейінің әлі де болса ойдағыдай емес екендігі жасырын емес. Оған дәлел ретінде саланың материалдық-техникалық базасының заман талаптарына сай емес екендігін, өндірістің өнімділігі мен тиімділігінің және де алынған өнімнің сапасының төмендігін келтіруге болады. Көптеген кемістіктер әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына тән. Сол себептен де шет елдік өңделген азық-түлік тауарларының ішкі нарығымыздағы үлесі едәуір болып отырғанына барлығымыз куәгерміз. Соңғы уақыттағы бүкіл әлемді қамтыған азық-түлік дағдарысы да ішкі нарықтағы жағдайға өзінің кері әсерін тигізіп бағаның көтерілуіне әкеліп соқты. Осының барлығы аграрлық саладағы жағдайды түбегейлі түрде өзгертуді талап етеді. Біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, агроөнекәсіп кешенінің экспорттық мүмкіндігінің мейлінше көтерілуіне жағдай туғызуымыз керек. Ондай мүмкіншілік қолымызда бар деп толығымен айтуға болады",- деп халық қалаулыларын сендіруге тырысты министр өз сөзінде. Әлемде байқалып отырған азық-түлік дағдарысы жағдайының өзінде Қазақстанда ішкі азақ-түлік нарығында тұрақтылық бар, содан тамақтан тапшылық көрмей отырмыз. Бидай өнімдері, күріш, өсімдік майы, ет, сары май т.б. әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне тұрақты қор құру ішкі нарық қажеттілігін тұрақтандырып отыр. Банк жүйелеріндегі ипотекалық дағдарыстан қаржы ресурсының тапшылығының орнын толтыру мақсатында ауыл шаруашылық министрлігі даму институттарының қызметін жетілдіре түсті. "Казагро" компаниясының тобы арқылы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру жобаларын несиелендіруге бөлінген қаржы өткен жылғыдан 16 пайызға, қайта өңдеу үшін 55 пайызға көбейді. Бізде жайылымның молдығы малшаруашылығын дамыту үшін бірден-бір мүмкіндік. "Казагроқаржы" лизинглік компаниясы Канададан мол өнімді сиырлар әкелііп 2 ірі сүт кешенін пайдалануға берді. Жақын уақытта тағы 6 осындай кешен салынбақшы. 4-5 жылда сүт кешендерін 30-ға жеткізбекші. Ет өнімдеріне де осындай жаңалықтар енгізілмек. "Мал өнімдері ААҚ корпорациясы" 2 малбордақылау кешенінің құрылысын салып жатыр. Министрдің айтқан ерекше бір жаңалығы өнім өндірушілерді ірілендіру үшін шағын тауар өндірушілердің басын қосып тұтынушылар кооперативтеріне біріктірмекші. Аталған кооперативтер құру мақсатында өнімді өңдеу, сақтау, қызмет көрсету, арадағы делдалдары азайту, ауылшаруашылық өнімдерінің құнын төмендетуге әзірлік инфражүйесі жетілдіріледі. Үш жыл көлемінде 400-450 ауылдық кооперативтер құру көзделуде. Ішкі азық-түлік қауіпсіздігін тұрақтандырудың тиімді бір жолы ірі қалалардың жанынан арнайы азық-түлік белдеулерін құру болып отыр. Жыл басында Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Астана қаласының айнылысынан азық-түлік белдеуін құруды тапсырған. Енді Алматы қаласы мен облыс орталығындағы қалаларға да сондай белдеу жасау жоспарланып отыр. Биылғы жылдың ауа-райы ауылшаруашылық жағдайына қолайсыздау болды. Соның өзінде Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жақсы өнім алынды. Республика бойынша 17 миллион тонна астық өнімі алынады деп болжап отыр. Бүгінге дейін оның 14,4 миллион гектары бастырылды. Енді ауылшаруашылығын өндірушілерден тоннасын 250 АҚШ доллардан 600 мың тонна астық сатып алу жоспарланып отыр. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін