Үкімет биылғы бюджеттің кіріс пен шығыс бөлігін арттырды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет биылғы бюджеттің кіріс пен шығыс бөлігін арттырды

Үкімет биылғы бюджеттің кіріс пен шығыс бөлігін арттырды

Үкімет 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің кірісі мен шығыс бөлігін арттырып, дефицит мөлшерін төмендетті.

  • 11 Наурыз 2014
  • 800
Фото - Caravan.kz

Үкімет биылғы бюджетке енгізілген түзетулерді сейсенбідегі отырыста мақұлдады.

Түзетулермен таныстырған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, 2014 жылы республикалық бюджетке 6 трлн 206 млрд 100 млн теңге табыс түседі деген болжам жасалып отыр. Бұл бекітілген бюджеттегі көрсеткіштен 431,7 млрд теңгеге артық.

Республикалық бюджетке түсетін табыс трансферттерді есептемегенде 331,7 млрд теңгеге артып, 4 трлн 360 млрд 900 млн теңгені құрап отыр.

«Мемлекет қаражатын нығайтып, үкімет қарызына қызмет көрсету жөніндегі жүктемелерді төмендету үшін бюджет тапшылығын 40 млрд теңгеге қысқартуды ұсынамыз», — деді министр.

Жоба бойынша, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджеттен 121,6 млрд теңге бөлу қарастырылған. Оның 63,5 млрд теңгесі азаматтық қызметкерлердің жалақысын 10 пайызға өсіруге, 53,4 млрд теңгесі зейнетақы мен мемлекеттік төлемдерді өсіруге, 4,7 млрд теңгесі мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысын 10 пайызға көбейтуге жұмсалмақ.

Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 20,8 млрд теңге бөлу көзделген.


2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға 17,7 млрд теңге, «ҚазАгро» ұлттық холдингіне ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерді қаржыландыру бағдарламаларын жүзеге асыруға 20 млрд теңге бөлінбек.

Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындауына 21,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың 11,2 млн теңгесін ТЖ министрлігі тікұшақ сатып алуға, ал, 10,6 млрд теңгесін СІМ Парижден елшілік ғимаратын сатып алуға жұмсайды.

Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруға және өткізуге қосымша 10 млрд теңге бөлінеді.

ЭКСПО-2017 көрмесі мен Универсиадаға байланысты Астана мен Алматы қалаларын дамытуға 15 млрд теңгеден бөлінуі тиіс.

Девальвацияға байланысты бюджеттік кіріс бөлігі 40,3 млрд теңгеге арттырылды, деді министр.