Жарияланды: 760

Үкімет экономикалық даму қарқынын одан бетер үдетіп, халықтың нақты кіріс көлемін арттыруды көздейді - ҚР экономика министрі

Үкіметтің жаңа құрамының алдында бұған дейінгі үкіметтің бағдарламасында көзделген көрсеткіштерден де жоғары деңгейге қол жеткізіп, экономикалық даму қарқынын одан бетер үдету, халықтың нақты кіріс көлемін арттыру талабы тұр. Бүгін, 24-маусымда Астанада өткен үкімет отырысында ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов осындай мәлімдеме жасады. Министр жаңа үкіметтің алға қойған бағдарламасы туралы баяндаманы таныстырған

болатын. Бағдарлама таяу уақыттарда парламенттің талқысына ұсынылады. Атап айтсақ, министрдің мәліметіне сәйкес, 2003-2006-жылдарда Жалпы Ішкі Өнімнің жылдық орташа нақты өсімін 7-7,5 процент көлемінде , жылдық орташа инфляция өсімін 4,5-5,5 процент, өнеркәсіп өнімінің жылдық орташа өсімін 9-9,5 процент деңгейінде қамтамасыз ету болжанып отыр. Сондай-ақ, үкімет - кірісі күнкөріс деңгейіне де жетпейтін тақыр кедейлердің үлес санын 20 процентке кемітуді көздеуде. Сонымен бірге, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мөлшерін арттыру жұмыстары да жалғасын таппақ. Үкімет 2003-жылы ауылдық аумақтарды дамыту және шағын қалаларды өркендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды қабылдамақшы. Бұл бағдарламалар бірінші кезекте осы аумақтардағы кедейлікті азайтуға бағытталады ,- деді Қ.Келімбетов. Сондай-ақ, оның айтуынша, тұрғын үй салу және тұрғын үй-коммуналдық салалардағы басымдық айқындалды. Осы орайда тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі бағдарлама жобасын жасау да биылғы жылдың үлесінде екенін хабарлаған министр : "тұрғын үй тауқыметін қазіргіден де тиімдірек шешу үшін пайдалануға берілетін тұрғын үйлер көлемін ұлғайта отырып, сонымен кешенді түрде құрылыстың өзіндік құнын азайту, бірінші кезекте тұрғын үйге кірісі төмен азаматтардың да қолы жететіндей жағдай жасау мәселесін шешу қажет",- деп атап көрсетті. "Тұтастай алғанда, үкіметтің бірінші кезектегі міндеттері мен басымдық беретін бағыттары 2004-жылғы ішкі және сыртқы саясаттың басты бағыттары жөніндегі мемлекет басшысының халыққа жолдауында үкіметке берген тапсырмасынан туындайды",- деді министр. "Жаңа құрамдағы үкімет еліміз экономикасындағы өсу одан әрі жалғаса түскен кезеңде жұмысқа кірісті, сондықтан жаңа үкімет бар күш-жігерін бұдан да жоғары даму деңгейіне қол жеткізуге жұмсауы керек",- деді ол. Қ.Келімбетовтың айтуынша, үкімет әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты қағидаларының сабақтастығын дәлелдей отырып, соңғы бір жарым жылда қабылданған бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруды одан әрі жалғастырмақ. Атап айтсақ, үкімет алдағы үш жылда Елбасы бекіткен стратегиялық бағдарламаларды, соның ішінде Агроазық-түлік бағдарламасы, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы , кедейлікті азайту бағдарламасы, Каспий теңізінің Қазақстандық секторын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруды жолға қояды,- деп мәлімдеді Қ.Келімбетов. Сонымен бірге, министрдің айтуынша, экономикалық және әлеуметтік тиімділігі тез арада көрініс беретін кезек күттірмес мақсаттар да бір уақытта шешімін таппақ. Осыған байланысты үкімет өз іс-қызметінің барлық салаларында жұмыс сапасын арттыру мақсатын алға қойып отыр ,- деді министр. "Сабақтастық принципінен ауытқымаған үкімет қоғамдық-саяси тұрақтылық негізінде халықтың тұрмыстық деңгейін арттыру, әлеуметтік-экономикалық дамуда қазір қалыптасып отырған тұрақтылықты сақтау, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуды басты мақсат ретінде діттеп отыр ",- деді экономика министрі. Сонымен бірге үкімет "қоғамды одан әрі демократияландыру мәселесін де назар төрінде ұстайды". Қ.Келімбетовтың айтуынша, 2003-2006-жылғы үкімет жұмысының басым бағыттары ретінде мыналар таңдалды: экономикалық өсу тепе-теңдігін сақтау негізінде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі айырмашылықтарды азайту, мемлекеттік агроазық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамсыз ету және ауылдағы тұрмыстық ахуалды сапалық жоғары деңгейге көтеру, индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру, білім беру, халықтың кәсіптік білім деңгейін көтеру және ғылым саласын дамытудың қазіргі заманғы әрі тиімді жүйесін қалыптастыру . Сондай-ақ, үкімет шағын және орта бизнесті дамыту , халықтың әлеуметтік және зейнетақы қамтамасыздығы жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық жалақысын арттыруды қамтамасыз ететін тиімді шараларды қолдануды межелеп отыр. "Алға қойған мақсаттары мен орта мерзімді басымдық берілген бағыттарға қол жеткізу үшін үкіметке макроэкономикалық тепе-теңдікті , еліміздегі қаржылық және бюджеттік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сауда-саттық режимі мен қаржылық жүйені либерализациялауға, халықтың тұрмыстық деңгейін арттыру нәтижесінде ішкі сұранысты арттыруға, кедейлік пен жұмысссыздыққа қарсы күреске, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталған міндеттерді шешу талабы қойылып отыр",- деді Қайрат Келімбетов. Үкімет басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, ҚР Ата заңының 67-бабына сәйкес жаңа премьер-министр тағайындалғаннан кейін бір ай мерзімде парламентке жаңа үкіметтің бағдарламасы туралы баяндаманы таныстыруға тиіс. "Баяндама сабақтастық принципіне, мемлекет басшысының халыққа жолдауында көрініс тапқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты қағидаларына сәйкестік принципіне негізделіп құрылды",- деді Д.Ахметов. Үкіметтің бүгінгі отырысында мақұлданған баяндама 2003-жылдың 29-маусымына белгіленген парламент палаталарының бірлескен отырысында ортаға салынады деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть