Үкіметтің отставкасынан кейін Есілдің сол жағалауындағы ауыс-түйіс жалғасуда - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкіметтің отставкасынан кейін Есілдің сол жағалауындағы ауыс-түйіс жалғасуда

Үкіметтің отставкасынан кейін Есілдің сол жағалауындағы ауыс-түйіс жалғасуда

Бүгін премьер-министр Кәрім Мәсімов босатқан орынтаққа жаңа басшылар тағайындалды. Президент әкімшілігіне бұдан-былай Нұрлан Нығматулин жетекшілік етпек. Ал Мемлекеттік хатшы болып Әділбек Жақсыбеков тағайындалса, кеше ғана өз еркімен орнын босатқан экс-премьер Серік Ахметов енді еліміздің Қорғаныс министрі. Бүгін сондай-ақ Мәжілістің де жаңа басшылары сайланды. Айта кетерлігі, ауыс-түйіс дегенімен бір-бірінің орнына барып жатқан саясат сахнасында бұрыннан жүрген шенеуніктер.

  • 4 Сәуiр 2014
  • 444
Фото - Caravan.kz

Үкіметтен басталған өзгеріс бүгін Мәжілісте жалғасып, түске дейін төменгі палатаның төрағасы тағын ауыстырды. Нұрлан Нығматулин енді Президент әкімшілігінің жетекшісі. Бұл құзыреті кең жоғары лауазымды кеше ғана Премьер-министр болып тағайындалған Кәрім Мәсімов атқарған еді. Ал жаңа жетекшіні бүгін Елбасының өзі таныстырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

-Нұрлан Нығматулин барлығыныз білесіздер. Аппаратта істеді, партияда бірінші орынбасар болды, кейінгі кезде Мәжілісте болды. Ақыл-ойы, парасаты бәрі жетеді деп сенеміз. Еңбекте табыс тілейміз!

Ақордадағы жиында президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәсімов босатқан екінші қызмет – Мемлекеттік хатшыны да тағайындады. Бұл орынтаққа бұған дейін   Қорғаныс министрі қызметін атқарған Әділбек Жақсыбеков жайғасты. Жақсыбековтың кезінде бұл ведомства жемқорлық дауынан көз ашпаған еді. Енді Қарулы Күштердің экс-басшысы ішкі идеологияға жауапты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

-Өз жарлығыммен Жақсыбековты Мемлекеттік хатшы қызметіне  тағайындап отырмын. Оны да бәрің білесіңдер. Аппаратты да басқарды, кейінгі кезде министр болды. Сәттілік тілеймін!

Бүгін сондай-ақ Мәжілістің жаңа спикері де сайланды. Төменгі палата депутаттары бұл қызметке бірауыздан Қабиболла Жақыповты құп көрді. Бұған дейін ол вице-спикер міндетін атқарған болатын.


Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты:

-Белгілі саяси қайраткер. 90 жылдан 8 жыл бойы Батыс Қазақстанды басқарып, Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімімен орталыққа келіп, қызмет етіп жүр. 2007 жылдан бері Парламентте.

Ал,Мәжілістің жаңа төрағасының орынбасары болып Дариға Назарбаева сайланды. Сондай-ақ, ол «Нұр Отанның»  Мәжілістегі фракциясын да басқарады.

Жалпы,Астанадағы ауыс-түйістерді өз еркімен креслосын босатқан Серік Ахметов бастап еді. Экс-премьерге де, бүгін жаңа қызмет бұйырды. Ол  күтпеген жерден Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол осымен Қарулы күштерді басқаратын әскерге еш қатысы жоқ, үшінші азаматтық тұлға.  Елбасы Ахметовке қорғаныс кешеніндегі кәсіпорындарды дамытуды ерекше тапсырды.

-Есілдің сол жағалауындағы тағайындаулар мұнымен шектелмесі анық. Әлі Қорғаныс министрінен басқа, Министрлер кабинеті тұтастай қызметтерін уақытша атқарып жатыр. Ал жаңа Үкіметті жасақтау міндеті енді Кәрім Мәсімовтің мойнында. Оның құрамы жақын уақытта таныстырылады деп күтілуде.