Бұл туралы Инвестиция және даму министрлігі байланыс және ақпараттандыру комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Meduza сайтында ұлт аралық араздық тудыруды және еліміздің аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттайтын мақала жарияланды. Осы мақалаға байланысты комитет (…) Астана қаласының Есіл аудандық сотына шетелдік БАҚ пен интернет-ресурстарда жарияланған өнімді заңсыз деп тану және интернет-ресурстың ҚР аумағында жұмыс істеуіне тыйым салу туралы шағым жазған болатын», — делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «комитет Есіл аудандық сотына аталған материалды («Усть-Каменогорская народная республика. Ждут ли русские в Казахстане «вежливых людей» — ИФ-Қ.) психологиялық және филологиялық-лингвистикалық сараптамаға беру туралы өтініш жазды».
Бұған дейін еліміздегі бірқатар ақпарат құралдары Галина Тимченконың Meduza деп аталатын сайты жабылғанын хабарлаған болатын.
Meduza тілшісі Илья Азар мұны «Усть-Каменогорская народная республика. Ждут ли русские в Казахстане «вежливых людей» деп аталатын мақаламен байланыстырады. Онда Қазақстанның шекаралас облыстарындағы кейбір тұрғындардың Ресейді көксейтіні туралы жазылған.