Ұлттық бренд сапаның белгісіне айналуы тиіс - экономист  - kaz.caravan.kz
  • $ 465.08
  • 536.52
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұлттық бренд сапаның белгісіне айналуы тиіс - экономист 

Ұлттық бренд сапаның белгісіне айналуы тиіс - экономист 

Қазақстанда жасалған тауарлардың бірыңғай тізілімі жасалады. 

  • 10 Тамыз
  • 68
Фото: ЖИ

Қазақстанда өндірілген тауарларды қолдаудың жаңа тетігі енгізілмек. Үкімет бір ай ішінде елімізде шығарылатын барлық өнімнің бірыңғай тізілімін әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеген еді. Бұл туралы сарапшылар не дейді? Қазақстан отандық өнімдерге басымдық бере бастады ма? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Премьер-министрдің айтуынша, Made in Kazakhstan бастамасы нақты нәтиже берудің орнына формалды жобаға айналып кеткен. Сондықтан енді отандық өнімдерді жүйелі түрде тіркеп, оларды ішкі және сыртқы нарықта ілгерілетудің бірыңғай тетігі қалыптастырылуы тиіс.

Бектеновтың сөзінше, Қазақстан өзін негізгі азық-түлік түрлерімен толық қамтамасыз ете алады. Соған қарамастан, ішкі нарықта отандық өнімдердің үлесі жеткіліксіз, ал бірқатар сауда желілері импорттық тауарларға негізсіз басымдық беріп келеді.

«Сауда желілері қазақстандық тауарға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес», – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар премьер-министр қазақстандық өндірушілердің ірі сауда орталықтарында сауда орындарын жалға алу кезінде көптеген кедергіге тап болатынын атап өтті. Осы мәселені шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдарға бір ай уақыт берілді.

Қазақстанның экспорттық әлеуеті қандай?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, Қазақстан бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан:

  • ұн мен зығыр экспорты бойынша – әлемде 2-орында;
  • жасымық бойынша – 4-орында;
  • күнбағыс майы бойынша – 6-орында;
  • бидай бойынша – 7-орында;
  • арпа бойынша – 8-орында.

Вице-министрдің айтуынша, елдің өндірістік әлеуеті толық пайдаланылса, Қазақстан жаңа экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігін арттыра алады.

Made in Kazakhstan белгісі жаңа деңгейге көтеріледі

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Made in Kazakhstan экожүйесін әзірлеуге мемлекеттен арнайы қаржы бөлінбегенін айтты. Оның сөзінше, министрлік қажетті стандарттар мен талаптарды өз күшімен қалыптастырған.

Министр сондай-ақ бір кездері Made in Kazakhstan белгісін жекеменшікке өткізіп, оны пайдаланғаны үшін ақы алуды ұсынғандар болғанын, алайда мұндай бастамаға жол берілмегенін жеткізді.

Ұлттық бренд сапаның белгісіне айналуы тиіс — сарапшы

Экономист Айбар Олжаев та пікір білдірді. Оның пікірінше, «Қазақстанда жасалған» белгісі енді тек өнімнің шыққан елін көрсететін жазу емес, сапа мен сенімнің символына айналуы қажет.

«Шын мәнінде, әлемдегі ірі экономикалардың тәжірибесіне қарасақ, ұлттық бренд мемлекеттің экономикалық беделінің бір бөлігі. Мысалы, кейбір елдерде белгілі бір таңба тұтынушыға бірден сапа кепілдігін береді. Қазақстанда да «Қазақстанда жасалған» осындай деңгейге жетуі тиіс. Бұл белгі жай ғана қаптамадағы жазу болып қалмауы керек. Оның артында нақты талаптар, сапа стандарттары және өз өніміне жауап беретін өндіруші тұруы қажет», — деді сарапшы. 

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда сапалы өнім шығарып отырған кәсіпорындар аз емес. Алайда көптеген өндірушілер үшін басты мәселе тауарды тұтынушыға жеткізу, ірі сауда желілеріне шығу болып отыр. Кей жағдайда отандық компания сапалы өнім шығарғанымен, нарықта импорттық брендтермен тең жағдайда бәсекеге түсе алмайды. Себебі сауда орындарына кіру құны, жалдау ақысы, логистикалық талаптар сияқты факторлар жергілікті өндірушілер үшін қосымша қиындық туғызады.

Айбар Олжаев Үкіметтің сауда желілеріне қойылатын талаптарды күшейтуі отандық өндірістің дамуына оң әсер етіп, экономикалық өсім мен инфляцияның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.