«Туризм саласында стратегиялық инвесторларды тартуға қатысты «зәкірлі» жобалар тізіміне «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы енді, инвесторы — «Steppe Capital» АҚ (Сингапур). Учаске алаңы 800 га, оның ішінде жоба іске асырылатын жер — 170 га. Жобаның құны — 90 млрд.теңге»,- деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру аясында Талғар ауданында «Ақбұлақ» шипажай-сауықтыру кешеніне апаратын «Бірлік-Алмалық-Рысқұлов-Қазстрой-Ақбұлақ» автожолының құрылысы жүргізілуде.
«Ал Алакөл көлінде жағажай және сауықтыру туризмін дамыту үшін «Falcon Petroleum», «AQUAMARINE resort» ЖШС, «Каримов» ЖК инвесторлары тартылды.
Олар 400 орынды бес жұлдызды қонақ үй және 500, 300 орынды қонақ үй кешендерін салуда», — деді ол.
Өңір басшысының айтуынша, туристерді Алакөлге жайлы жеткізу үшін «Алматы-Жетіген-Ақши-Достық» теміржол қатынасы жұмыс жасайды. Ол жергілікті бюджеттен субсидияланады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Үшарал қаласында әуежай құрылысы басталатын болады.
Жалпы, бүгінде Алакөл көліндегі демалыс базаларына 93,8 шақырым электр жеткізу желілері (600 млн.теңгеге) тартылған және ұзындығы 23,8 шақырым. автомобиль жолдарын қайта жаңғырту (1,9 млрд. теңгеге) аяқталуға жақын.
Сондай-ақ, Ақши ауылында туристерге қызмет көрсету үшін заманауи құралдармен және реанимобильмен жарақтандырылған дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр.
«Облыста жалпы 233 млрд. теңге сомасына барлығы 11 жоба жүзеге асырылуда»,- деп қосты А.Баталов.