Ерназ үш күннен бері дәл осы облыстық ауруханада ем қабылдауда. 16 жастағы бала оқиғаның мән-жайын өз аузымен айтып беруге үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Дәрігерлердің айтуынша, бұған дейін одан құқық қорғаушылар бірнеше рет сұрау алған. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген бала қорқып қалуы мүмкін.
Сондықтан болған жайды Ерназдың анасы баяндап берді. 10-шы сынып оқушылары дене шынықтыру мұғалімімен бірге мектептің қабырғасын ақтауға көмектесіп жүрген. Аяқ асты Ерназдың үстіне әк төгіліп кетіпті. Бала қолын жууға беттегенде ұстаз жұдырық ала жүгірді дейді анасы.
Алтыншаш Асқарова, Ерназдың анасы:
— Мына жерден соққанда бала жерге бүгіліп отырған,сол кезде басынан ұрған. Бала талып қалған, әлі ұрып жатқанын сездім дейді.
Баланың ауыр дене жарақаттарын алғаныноблыстық аурухана дәрігерлері де растап отыр.
Марат Достығалинов, №2 облыстық ауруханасының бас дәрігері:
-Науқаста жабық ми жарақаты бар және бас сүйегі, көкірек клеткасы мен іш-құрылысы зақымданған. Баланың денесінде ұрып-соғудың барлық белгілері бар. Басынан, ішінен ұрған сияқты.
Ал, мұғалімдер оқушыларды не себептен шаруашылық жұмыстарға жегіп қойғандарын түсіндіре алмады. Директордың өзі жоқ, орынбасарлары желаяқ екен. Бір ауыз тілдесу үшін дәлізде дәл осылай қуаласпақ ойнадық.
Есесіне мектепке ауыл әкімі шұғыл жетті.
Сейфолла Ысқақов, Воздвиженка ауылының әкімі:
-Бұл кісіден, мұғалімдерден өтініштер түсті, қазір тергеу органдары тексеріп жатыр, сұраққа сол кісілер нақты жауап береді.
Ал,15 жылдық тәжірибесі барДене шынықтыру пәні мұғалімінің өзі «шәкіртіме саусағымның ұшы да тиген жоқ» деп шырылдайды.
Алданыш Қапсемет, Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
-Мектептің ішінде тапа-тал түсте баланы тепкілеп тастайтын мен ақымақ емеспін ғой. Ол жерде менің күәгерлерім бар. Баланы мектеп директорына алып барамын деп жүргенімді көрген оқушылар да бар.
Ұстаз бен шәкірт арасындағы дау мұнымен бітпейді. Дәл осы мектеп ауласында кейін Ерназдың үлкен ағасы мен мұғалім әрі қарай жаға жыртысады. Сөйтіп тараптар бірдей полицияға шағымданған. Қазір бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексерілуде.