Жарияланды: 490

Үстіміздегі жылғы 7 айда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 12 млрд АҚШ долларын құрады - Назарбаев

Ақтөбе. 23 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Үстіміздегі жылғы 7 айда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 12 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары басшыларының бесінші форумында айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Үстіміздегі жылғы 7 айдағы тауар айналымы 12 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 32 пайызға артық. Ақтөбе облысы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының 10 пайызын береді", -деді Елбасы Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы, уран өңдеудегі, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізуге байланысты бірлесіп атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Сондай-ақ әлемде болып жатқан экономикалық-қаржы, ипотекалық дағдарысты айта келе, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолдарын саралады. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының V форумында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің ынтымағы жарасқан тату көршілер екеніне ерекше тоқталды. "Бүгінгі форум - инновациялық интеграциялануға арналып отыр. Екі елдің шекаралас өңірлері басшыларының кездесуін ұйымдастыру Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығының айқын дәлелі. Ақтөбе жерінде өтіп отырған бүгінгі форумның айрықша маңызы бар. Бұл форум біздің екі елдің Достық және ынтымақтастық жөніндегі маңызды құжатқа қол қоюының он жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі екі жақты қарым-қатынастың ұзақ мерзімді сипатын аңғартады. Біз Ресей президенті Дмитрий Медведевпен келісім бойынша жыл сайынғы кездесудің көкжиегін кеңейтуді ойластырдық", - деді Н.Назарбаев. V форумға бұрын қатыспаған Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының, Свердлов облысының, Ингушетия, Татарстанның басшылары қатысып отыр. Біз қашанда достық қатынаста болып келеміз. Біздің бүгінгі кездесуіміз - бұрынғы ынтымақтастығымыздың жалғасы. Біз бүгін көрген көрме екі елдің арасындағы мол мүмкіндіктерден хабардар етеді. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін