Жарияланды: 470

Вагондар арасына жасырынып жүрген әйел ұсталды

Вагондар арасына жасырынып жүрген әйел ұсталды

Шекаралық тексеруден өткізіліп болып, орнынан қозғалған көлікті, әсіресе теміржол көлігін, біраз жерге ұзап кеткенше қалыптасқан тәртіп бойынша шекарашылар сырттай бақылап, «көзбен шығарып салады».

Бұл қозғалыстағы көлікке жылдамдығын арттырып алғанға дейін әлдебіреулердің жол-жөнекей секіріп мініп алмауын қадағалау үшін жасалатын шара, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен. 

Жолаушылар пойыздарына ғана емес, тіпті «жанын шүберекке түйіп», бара жатқан жүк пойызына секіріп мінетіндер де бар.

«Оңтүстіктегі Сарыағаш шекара отрядының «Сарыағаш» шекара заставасынан өтіп, теміржолдың Өзбекстанға кіретін тұсында «ақ көпір» аталып кеткен жер бөлігінің шекарашыларға ауық-ауық «тосын сый» ұсынып тұратыны бар. Соңғы рет, осыдан 20 күндей бұрын жүйткіп бара жатқан жүк вагондарының арасына жасырынып тұрғанды қазақстандық шекарашы байқап қалып, өзбекстандық әріптестеріне хабар беру арқылы бірлесіп қолға түсіргені жайлы ақпарат құралдары арқылы жарияланған болатын. Тура сондай жағдай кеше тағы қайталанды. Бірақ осы жолы «трюкті» қайталаушы әйел адам болып шықты. Шекарашылардың өзара хабар алмасуы арқылы бұл шекара бұзушы әйел Өзбекстан аумағында ұсталды. Кім екендігін, неліктен бұндай қадамға барғандығын өзбек әріптестер анықтайтын болады», делінген хабарламада.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін