Валюта айырбастаумен айналысып жүрген жігітті өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты - Қызылорда облысы - kaz.caravan.kz
  • $ 485.82
  • 554.03
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
30 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Валюта айырбастаумен айналысып жүрген жігітті өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты - Қызылорда облысы

Валюта айырбастаумен айналысып жүрген жігітті өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты - Қызылорда облысы

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жуырда валюта айырбастыратын жігітті өлтірген Я-ға қатысты айыптау үкімін шығарды.

  • 30 Мамыр 2014
  • 478
Фото - Caravan.kz


Бұл туралы Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға өткен жылдың күз айларында Байқоңыр қаласында болған. Кеңсе ашайын деп жүрген Я. деген жас жігіт М. деген азаматтан бұрын бір-екі рет ақша айырбастап жүрген болатын.

Бір күні Я. өзінің қарамағында жұмыс жасап және дос болып жүрген екі жігітпен (оның біреу кәмелетке толмаған) сыра ішіп отырып, ақшаны қайдан алуға болатындығы туралы әңгімелескен. Кредит алайық па немесе біреуден қарызға аламыз ба деп отырған кезде оларға валюта айырбастырумен айналысатын М-ды тонау туралы ой келеді. Олар М. үнемі бір өзі жүретіндігін және өзімен бірге көп мөлшерде теңге, доллар және рубльдер алып жүретіндігін бұрын байқаған болатын. Сөйтіп, М-ды тонау туралы пікірге келіп, олар сол жерде жоспар құрады.

Бірнеше күн өткен сон Я. М-ге «менің кеңсеме келіп ақша айырбастырып берші» деп телефон шалады. Ештеңе сезбеген М. белгіленген уақытта өзінің автокөлігімен Я-ға келеді. Кеңсеге кіріп, Я-ға қарама-қарсы отырып, үш-төрт минут сөйлеседі. Бір кезде М-ның телефон шырылдайды. Бұл алдын ала ойласқан бойынша Я-ның кеңсенің сыртында тұрған бір сыбайласы телефон шалып отыр. Осы сәтте Я-ның екінші досы М-ның артынан келіп резеңке шоқпармен оның басынан бір ұрады. М. қатты соққыдан басы айналып, жерге құлайды. Оны байлап тастап, үш тонаушы М-ның сөмкесін тексеруге кіріседі. Оларға сөмкедегі ақша аз болып көрінді. Одан кейін олар М-нен «ақшаны қайда тығасын?» деп ұрып соғады. М-ның «басқа ақшам жоқ» деген сөзіне сенбей тонаушылардың екеуі М-ның автокөлігіне мініп, оның үйін барып тексеріп келеді. Алайда, ол жерде де іздегенін таппаған соң олар біреулер бірдене болып жатқанын сезіп қоймасын деп, М-ды өзінің автокөлігіне міңгізіп алып, қаланың сыртқы жағына, гараждарға алып кетеді. Ол жерде М-ның өзінің гаражын ашып кіріп, есігін ішінен іліп алады. Әрі қарай олар М-ды «ақшаларын қайда?» деп әбден соққыға алады, одан басқа мойнына электр сымын салып, екеуі екі жаққа тартып қылқындырады. Сөйтіп, бірнеше рет жасаған сон, М. қимылдамай қалады.
М-ның өліп қалғанына көздері жеткен сон, олар өлікті қайда тығатынын ойласады. Ақырында оны қазылған траншеяға лақтырып жібереді.

Ертеңіне тонаушылар ақшаны бөлісіп алып, оны жаратуға кіріседі.

Я. деген ҚР азаматы адам өлтірген, тонаған, кәмелетке толмаған баланы қылмысқа тартқан, ұрлық жасаған, заңсыз басқа біреудің автокөлігін иемденген үшін 20 (жиырма) жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу белгенді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қалған екі қылмыскер Ресей азаматтары болғандықтан, оларға қатысты қылмыстық іс Ресей Федерациясының сотына қарауына берілген.