Жарияланды: 410

«Валют-Транзит Банк»-тің қыруар қарызы ақыры қайтарылатын болды

Мыңдаған клиентті сан соқтырған «Валют-Транзит Банк»-тің қыруар қарызы ақыры қайтарылатын болды. Салымшылардың көбі ендігі «садақа» деп ұмытып та кеткен депозиттеріне қатысты сүйінші хабарды бүгін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеткізді. 8 жыл бұрынғы салымдар тек 5 млн теңгеге дейін қайтарылмақ. Әрі ешқандай сыйақысыз. Алаяқ банкирге алданған жұрт осының өзіне қуанышты.

Көзілдірігін үнемі тастамай киіп жүретін жылтыр бетті банкир 2007-ден бері қарай жұрттың есінде. Өзі басқарған банктен миллиардаған теңгені үптеп кеткен оны ұмытқандардың өзі де жақын күндері тез арада жаттап алмақ. Өйткені, Біләлов жымқырған ақша келесі жұмадан бастап «Валют-транзит Банк»-тің барлық салымшыларына қайтарыла бастайды.    

Бақыт Қоғылов, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы:

- 2007-ші жылы банкрот болған «Валют-Транзит Банктің» салымшыларына кепілдік өтемдері төлене бастады. Депозитке салынған ақшасы 700 мың теңгеден асатын, яғни 2007-ші жылғы ең жоғарғы кепілдік беру мөлшері бар жеке тұлғалар 5 млн теңгеге дейін мөлшерде депозит қалдықтары бойынша төлемақыларын алуларына болады.

Осылайша, банкрот боп тынған «Валют-Транзит Банк»- тің бүткіл қарызы небәрі жарты жылдың ішінде төленіп бітпек. Ол үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан 4 милллиардан астам теңге бөлініпті. Бұл қыруар қаржы мыңдаған клиенттің 8 жыл бойы төккен көз жасының өтеуі болмақ. Естеріңізге салсақ, салымшылар ақшаларын сұрап тіпті банкир жатқан түрмеге дейін барған. Бәрінен бұрын салымшылар экс-банкирдің күтпеген қазасына қайғырған еді. Бірінші кезекте қайтпай қалған қаржылары үшін әрине.     

Рая Хасенова, салымшы:

- Алла алдынан жарылқасын, оны қайтем. Алла өзі қарастырады кім кінәлі екенін. Біз үшін үлкен адам болды, енді тастап кетті жарты жолда, не істейсіз. Кім өлмейді, кім қалмайды? Қалдық артында. Үміттенбейміз, енді кімнен қарызды сұраймыз?

Бірақ, қарызының қайыры бар екен. Айтбақы Біләловтың өзі қайтса да, банкті тонап біткен банкирдің бү дүниедегі былығын оның әріптестері түземек. 

Бақыт Қоғылов, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы

- «Валют-Транзит Банктің» салымшылары өздеріне тиісті ақшаларын алу үшін бірқатар құжаттар тапсыру қажет. Ол құжаттардың қатарында заңмен белгіленген өтініш және жеке басын куәландыратын құжат болуы тиіс. Егер салымшының орнына оның өкілі хабарласқан жағдайда, нотариуспен расталған сенімхат болу қажет, егер мұрагері хабарласқан жағдайда  мұра құқығын растайтын құжат болу қажет.

Ал тірнектеп жиған маңдай тердің қайтатынын естіген жұрт тіпті сенер-сенбесін білмей жүр.  

Галина Шохор, салымшы:

- 9 жылды болды қарызды күткеніме. Үкіметтің табалдырығын әбден тоздырдық. Салымшылардығң 90 пайызы зейнеткерлер. Жиған терген тірнектегенімізді жоқ қылды. Осы әрекет іске асты шүкір. Қаржыны түгел қайтарады деп сенеміз.

Марқұм-банкирден қарызын өндіргісі келгендер енді алдағы дүйсенбіден бастап «БанкЦентрКредит»--тің барлық бөлімшесіне бара алады. Қолыңызда міндетті түрде төлқұжатыңыз болуы керек. Өтініш қабылданған күннен бастап 5 тәулік ішінде өтем төленбек.     

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін