Венгрияда 27 жастағы қазақстандық белгісіз жағдайда жоғалып кетті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Венгрияда 27 жастағы қазақстандық белгісіз жағдайда жоғалып кетті

Венгрияда 27 жастағы қазақстандық белгісіз жағдайда жоғалып кетті

Венгрияда 27 жастағы шымкенттік белгісіз жағдайда жоғалып кетті.

  • 6 Қазан 2022
  • 21
Фото - Caravan.kz

Соңғы рет оны туыстары Instagram желісінде қазақстандық блогердің тікелей эфирінен көрген, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Қанатбек Өтебек биыл шілденің аяғында Чехияға жұмыс істеуге кеткен. Оның бір айға жарамды шенген визасы бар, дейді туысы Балнұр Өтебек. Оның айтуынша, Қанатбек Өтебекті Еуропаға таныстары шақырып, жұмысқа орналасуға көмектесеміз деп уәде берген.

"Біреуі таксист болып жұмыс істейтін, екі көлігі бар еді. Біреуін Қанатбекке берген, ол да такси болған. Ол Чехияда екі аптаға жуық жұмыс істеп, кейін Бека есімді блогерді тапқысы келетінін айтты. Ол отандастарға жақсы жалақыға жұмыс табуға көмектесіп жатыр-мыс. Оның Instagram-парақшасына қарағанда, Бека жүк көліктерін сатып алу және сатумен айналысады, сонымен қатар жүк тасымалдаушыларды жұмысқа орналастырады.

Екі апта сонда болған соң Қанатбек сол кезде Венгрияда болған блогерді тапқысы келетінін айтты. Бірақ Қанатбектің такси жүргізушісі болып істейтін досы одан Чехиядан кетпеуді өтінген, өйткені Венгрияның заңдары бөлек, әлдеқайда қатаң болуы да мүмкін. Бірақ ол тыңдамаған, бірнеше күннен кейін ол жігіттермен бірге шығып, блогерді тауыпты", — деп бөлісті қыз.

Қанатбек Өтебек (қызыл киімде) пен оның досы (ақ киімде) Бека есімді блогердің эфирінде. Туыстары ұсынған кадрлар

Бұл 10 тамыздағы кадрлар. Балнұр Өтебектің айтуынша, екі күннен кейін ағасынан хабар ала алмай қалған. Тағы екі-үш күннен кейін туыстары тікелей блогерге жазған. Алайда ол жауап бермеген.

"Осыдан соң, үш-төрт күннен кейін Қазақстанның Венгриядағы елшілігіне хабарластық. Алдымен call-орталыққа хабарластық, ол жерге жазбаша өтініш беру керек екенін айтты. Жаздық, бір-екі күнде жауап келді. Сосын бізге Бека деген блогер хабарласты. Неге оның атын жазғанымызды, қазір оны елшілікке шақырып жатқанын, егер өтінішті қайтарып алмасақ, Қанатбекке қиын болатынын айтты. Бека ағам бір-екі аптада байланысқа шығатынын айтты. Біз көніп, өтінішті қайтарып алдық, бірақ екі апта өтсе де Қанатбекпен хабарласа алмадық", — деді ол.

Туыстары әрі қарай не істеу керегін ойланып жүргенде, оларға Әзербайжаннан күтпеген қоңырау түскен. Олармен күйеуі Венгрия түрмелерінің бірінде отырған әйел хабарласқан. Әңгіме барысында оның қасында Қанатбек Өтебек отырғаны белгелі болған.

"Ағам әкемнің телефон нөмірін әзербайжандыққа берген, ол әйелінен бізбен байланысып, жағдайды түсіндіруді өтінген. Біз бір-бірімізді әрең түсіндік. Қанатбек африкалық босқындарды көлікпен тасымалдау кезінде ұсталыпты. Бұл заңсыз екен.


Бізге шара қолдану керек, елшілікке хат жазып, адвокат табу керек екенін айтты. Әйтпесе олар ағамды түрмеде ұстай береді. Әзербайжандық әйел күйеуінің түрмеде отырғанына сегіз ай болғанын айтты. Сондықтан оған туыстарын шақыруға рұқсат берілген. Қазір ол елшілікке көмек сұрап арыз жазыпты. Ал өтініш бермегендер түрмеде отырады", — деп баса айтты қыз.

Балнұр Өтебек бұдан кейін блогерге туыстары қайта телефон соққанын айтты. Оның айтуынша, ол тағы да бұл оқиғаға өзін араластырмауды өтінген. Бұдан кейін Қанатбек Өтебектің туыстары Қазақстанның Венгриядағы елшілігіне тағы да жүгінген.

"Елшілік қызметкеріне әзербайжандық әйелден алған түрменің мекенжайын бердік. Біраз уақыттан кейін ол бізге телефон соғып, ағама тез арада адвокат керек екенін айтты. Мен елшілік Қазақстан азаматтарына көмектесу үшін, тым болмаса тегін адвокаттарды табу үшін осындай істер үшін жұмыс істейді деп ойлайтынмын. Өйткені, елшілік қызметкерлері бұл ел туралы, оның заңдары туралы көбірек біледі және ол жаққа жақсы бейімделген. Оның үстіне кез келген елде тегін адвокаттарды жалдауға мүмкіндік бар.

Бірақ елшіліктегілер хабарласып, адвокаттардың байланыс нөмірлерін береміз деп қана айтты. Міне, бір апта өтті, бізге хабарласқан жоқ. Елшілік қызметкерінен де хаттарымызға жауап ала алмай отырмыз", — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Шымкентте Қанатбек Өтебекті әйелі мен екі баласы – төрт жасар қызы мен екі жасар ұлын күтіп отыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қанатбек Өтебектің төңірегіндегі жағдайға қатысты әзірге пікір бере алмайтындарын хабарлады.

Сондай-ақ, Tengrinews.kz редакциясы @beka_evropa.kz лақап атымен танымал блогерге жүгінді. Алайда одан әлі жауап келген жоқ.

Соңғы жаңалықтар