Жарияланды: 470

В.Храпуновтың кезінде 136 жер ісіне қатысты заңсыз шешім шығарғаны анықталды

Кезінде Алматыны уысында ұстаған Виктор Храпуновтың тағы бір былығы мәлім болды. Бұл жолы экс-басшының “Жаңажер” жобасы негізінде Қарасай ауданына тиесілі 4780 гектар жерді заңсыз сатып, оны Алматы қаласының аумағына кіргізіп жібергені анықталды. Ал заң бойынша бұл жер90-шы жылдары жекешелендіру жұмыстары басталған тұста “Алатау” кеңшары мен “Каменский” мал шаруашылығы фермасынДа қызмет еткен 1100 жұмысшыға бөлініп берілуі тиіс болған. Алайда үлесінен айырылған халық қанша сотқа барса да,  жерін ала алмай жүр.

Кезінде “Алатау” кеңшары мен Каменский фермасына тиесілі болған  жерде бүгін  зәулім үйлер бой көтерген Қалқаманықшамауданы тұр. Ал ол негізінен 90-шы жылдары жекешелендіру басталған уақытта кеңшар жұмысшыларына берілуі тиіс еді. Алайда айласы халықтан асқан Храпуновтың қитұрқы әрекетінен олай болмады.

Күлжәміш Қалиева:

- Мына жер, Каменканың базарынан ары қарай совхоздың жері болатын. Барлығын Храпунов  сатып, бітіріп кетті. Соның кесірінен қазір бір қамыс баракта тұрамыз. Сонша жыл жұмыс істеп, балаларыма қалдыратын ештеңемқалмады. Сондықтан жерімізді қайтарып берсін! Біздің еңбегімізді берсін!

Күләш Оразақынова:

- Мен осы совхозда 35 жыл істедім, сауыншы болып.  Тараған уақытта  жер сұраған кезімізде “қазір болмай жатыр” деп, бізді қайтарып отырды. Сосын сотқа бердік  Сөйтсек, бізді алдапты ғой. Содан кейін соттасуға кірістік.

Алайда сол уақыттан бері қанша соттасса да, көпшілік ісі өнбеген. Храпуновтың қолынан өткен жерлерінде үшінші бір тұлғалардың иелігімен кафе мен мейрамхана сынды ғимараттарға айналған. Қазір экс-әкімнің өзге де былықтарының беті ашылып жатыр.

Қаламқас Байшөкенова, заңгер:

- Храпунов  кезінде аудан әкімдерін мәжбүрлей отырып, 136 жер ісіне қатысты заңсыз шешім шығарғаны анықталды.  Бұл маған ғана емес, Бас прокурорға да мәлім. Соның ішінде  Қарасай ауданына қарасты бұрыңғы  Алатау совхозының мәселесі де кіреді.

Алайда “болары болды, бояуы сіңді” деген басшылар бұл тұста қауқарсыздық танытуда. Жерін жоқтағандарды тек шыдамдылыққа шақыруда.

Айбол Каниұлы, Қарасай ауданыҮлкен-Алматы ауылдық округінің әкімі:

-  Төрт жыл күтті, тағы шыдауға болады. Өйткені қазір бөліп бере қоятын жеріміз жоқ.

Енді қабырғасы қаланған Қалқаманды бұзып, ешкімнің оңайлықпен жер бере қоймасы да түсінікті. Сондықтан халық ең болмағанда Алматы маңындағы бос жатқан жерден өтем берілуін сұрайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін