Жарияланды: 460

Ынтымақтықтар қылмыстың көбейіп, қарақшылардың құрықталмай жатқанына наразы

Қылмыс тіркеледі, бірақ тергелмейді! Алматы іргесіндегі Ынтымақ ауылының тұрғындары соңғы кезде қылмыстың көбейіп, бірақ қарақшылардың құрықталмай жатқанына налиды. Мұнда әсіресе ұрлық-қарлық жиілеген. Тек соңғы жарты жылда 70 шаңыраққа ұры түсіп, қымбат техника, алтын мен ақшаны қолды етіпті. Бірақ тәртіп сақшыларының әрекетсіздігі тұрғындардың қытығына тиіп отыр.

Ынтымақ ауылының ынтымағын бұзған қарақшылар соңғы уақытта тұрғындарды аш бөрідей бүріп келе жатқан көрінеді. Екі күннің бірінде үйге ұры түсіп, бар дүниені қолды етуді әдетке айналдырыпты. Күннің жарығында да қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырып келе жатқан топты көрген де, білген де тірі жан жоқ. Есесіне зардап шеккендер саны күн санап артып келеді.

Бес жүздей түтіні бар ауылдан соңғы уақытта маза кеткен. Соңғы уақытта әбден еркінсіген ұрылар тапа-тал түсте «жорыққа» шығуда бастапты. Сұғанақтар негізінен ақша, зергерлік бұйымдар мен қымбат техниканы түгел сыпырып кетеді.

Баян Алтаева, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Үйге келсек ешқандай затымыз жоқ, алтындарымыз, ноутбук, дайын диссертация -барлығын ұрлап әкетіпті. Бір сағаттың ішінде. Үйдің жанында қолғап жатыр, үш адамның қолғабы. Сонымен ашқан, бізге полиция келді. Бірақ оларды табу мүмкін емес деді. Өйткені ешқандай дәлел болмайды деді.

Мұндағы жұртқа кешкісін көшеде жүрудің қалғаны өз алдына, күндіз үйді қараусыз тастауға қорқатын болған. Себебі соңғы алты айдың өзінде 70 шаңыраққа ұры түсіпті. 

Амантай Сембаев, Ынтымақ ауылының тұрғы:

- Екі темір есікпен жауып қойсаң да кіреді, алатынын алады, ойына келгенін істейді. Ешкім іздемейді, таптық деп айтпайды. Осындай болып, осындай адамдарға жаза қолдандық деп. Күннен күнге өрбіп бара жатыр.  Күнара естисің ана үйді алып кетіпті, тіпті бір үйді екі рет тонап кетіпті деген.

Ынтымақты қоса есептегенде мұнда алты ауылға жалғыз участкелік инспектор екен. Аты бар болғанымен, іс жүзінде жүзін де көрмеген жұрт полицейдің қол қусырып отырғанына наразы. Себебі қылмысты тіркеп, бірақ тергемейтін көрінеді. Инспекторды жұмыс орнынан біз де таба алмадық. Тек кеше жағылған шамы сол күйі тұр. Ал ісігі сыртынан құлыптаулы.

Тәртіп сақшыларының өз жұмысына осындай қатынасына қарамастан тұрғындар қылмыскерлердің қолға түсіп, тиісті жазасын алуын ғана тілейді. Ал қолды болған мүлікті қайтару жайлы әңгіме де қозғап отырған жоқ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін