Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі

Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі

Әлемде 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан.

  • 23 Қараша 2018
  • 31
Фото - Caravan.kz

Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі. Ал бұл жайында белгілі тұлғалар не дейді?

Caravan.kz медиа порталының тілшісі осы жайында қоғам қайраткерлерінен біліп көрген болатын.

Досай Кенжетай, дінтанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:

  • Біздің қоғамда зайырлылық туралы ұғымды әр адам әртүрлі түсінеді. Зайырлылықты біреулер дінсіздік деп ойлап жатады. Зайырлылық дегеніміз – озық, ашық қоғам. Кез-келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамауымыз осы зайырлылық.

Біздің республикалық жүйенің ең алғашқы есігін ашқанда демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет екендігімізді анықтап алдық. Ширек ғасыр ішінде діни сана, білім деңгейі көтеріліп, кадр мәселесі де шешімін таба бастады. Алайда дін ғылымының да алғы шарттары бар. Әлі шешілмеген теориялық, методологиялық бірқатар мәселелер уақыт талабына сай сараптамадан өтіп, алдағы 10-15 жылда қалыпты деңгейге жетеді деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болғаннан соң оның негізгі басымдықтары адамдардың өз құқықтарына беріледі. Құқықпен қорғалған және сол берілген құқықты жақсы пайдалана білген адам, қоғам, мемлекет қана жоғары қарқынмен дамиды.

Ал БҚО-дағы Мендалиев атындағы орта мектептің мұғалімі Арман Молдашев мынадай пікірде:

— Мемлекетке қажетті нағыз азаматтар құқықты қару етіп ұстана білумен қатар, руханияты, патриотизмі өте жоғары деңгейде болуы керек. Адамның санасының жоғарылығынан,әділеттілік үшін күресте белсенділігінен, өзгелерге қайырымдылығы мен ізгі ниеттілігінен көрініс беретін оның ішкі әлемі «рухани байлығы» болғандықтан,президентіміздің зайырлы қоғам мен жоғары руханиятты ел құру бастамасы біздің ең абыройлы міндетіміз болып саналады. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал ел бірлігі мықты болса,онда мемлекет те мықты,оның іргесі де берік. Біздің Елбасымыздың саясатының басты бағыты да осы.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев халыққа есеп беру кездесуінде зайырлы мемлекет туралы былай жауап берген еді:

Министрлік құрылғаннан бастап, біздің барлық күшіміз адамдардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз ету еді. Сонымен қатар, біздің жұмысымыз олардың құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ету. Біз жауап беретін салаларда мемлекеттік саясаттың әрбір қазақстандық үшін түсінікті және айқын болуына тырысудамыз. Осы жұмыстағы басты мақсат — азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекет пен азаматтық қоғам күштерін біріктіру, зайырлы және демократиялық принциптерді нығайту.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі зайырлы мемлекет дегеніміз – атеист деген сөз емес дегенді атап өтті.


"Зерттеулер нәтижелері азаматтардың көбі зайырлылық құндылықтарын жоғалтып алуға болмайтын игілік деп есептейтінін көрсетті. Бұл ретте — зайырлы мемлекет — атеист мемлекет емес екенін атап өткім келеді. Демек, зайырлы мемлекетте түрлі конфессиялардың, атеистердің, агностиктердің құқықтары бірдей", — деді министр.

"Көпконфессиалы Қазақстан үшін тұрақтылықты сақтаудың жалғыз жолы — зайырлы мемлекет. Мұндай мемлекеттің принциптері діндерді саясаттандыруға және оны пайдалана отырып сананы алдап-арбауға жол бермейді", — деп сөзін аяқтады Нұрлан Ермекбаев.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың сөзімен қосыла отыра, Қазақстан Республикасы зайырлылық тұрғысынан да, құқықтық тұрғыдан да жетілген мемлекет екенін атап өткізіміз келеді. Елімізде діни білім беру ұйымдарынан өзге бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатқа ие. Бұған қоса, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге тыйым салынған.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтарымыз діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы екендігі баяндалған. Қазақстан Республикасының заңнамаларында зайырлы мемлекет қағидаттары мен діни сенім бостандығы құқығы арасындағы байланыстар айқын көрсетілген. Зайырлылық және құқықтық-демократиялық мемлекет қағидаттарынан айнымаған елімізде азаматтардың діни сенімге бостандығы барлығының Заң алдындағы теңдігінен көрінеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізді демократияландыру, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Осының арқасында бірлігі жарасқан еліміз жүздеген ұлттар мен ұлыстырдың тату-тәтті өмір кешіп жатқан мекеніне айналып отыр.

Соңғы жаңалықтар