Жарияланды: 460

Заң жобасы бірінші кезекте экологиялық мәселені шешуге бағытталған

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин кіріспе сөз сөйлеп, аталған заң жобасының табиғатты және ел азаматтарын қорғауда маңызы зор екенін айтып өтті. Заң жобасының мақсаты жөнінде ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім баяндама жасады. Министр өз сөзінде заң жобасы ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында мемлекетіміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарына сәйкес дайындалғанын жеткізді. Бұл заң жобасы Қазақстан Үкіметінің 2010 жылға арналған заң жобалар жұмысы жоспарына сәйкес әзірленген. Бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, Экологиялық, Қылмыстық, Салық, Бюджет кодекстерге, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекске және басқа заңдарға түзетулер енгізілмек. «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекске Экологиялық кодекстің қазіргі нормаларында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтардың жіктелген құрамы ұсынылады. Заң жобасы бірінші кезекте жиналған қалдықтар көлемінің артуы секілді экологиялық мәселені шешуге бағытталған. 2009 жылғы 26 наурыздағы Заңмен Қазақстан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негізгі конвенциясына Киото хаттамасын ратифициялады. Киото хаттмамасынан туындайтын міндеттемелерді орындау парниктік газ шығарындыларын реттеудің ұлттық жүйесін құруға, атмосфераға антропогендік шығарындылар деңгейін төмендетуді көздейтін ұлттық саясат жүргізуге бағытталған. Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Владимир Нехорошев 14 отырыс өткізілгенін, әріптестерінен 500-ден астам ұсыныстар келіп түскенін айтты. Мәжіліс депутаттары Валерий Котович, Дарья Клебанова, Асхат Бекенов, Марал Итеғұлов, Серік Қонақбаев, Виктор Киянский, Алияр Жарасбаев, Қылышбай Бисенов, Тәңірберген Бердоңғаров, Айткүл Самақова және Валерий Доскаловтардың қойған сұрақтары бойынша ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Сәдуақасұлы жауап беріп, заң жобасында көзделген заңдық нормалар төңірегінде түсінік берді. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті аталған заң жобасын Палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда қарауға ұсыныс жасау жөнінде ортақ шешімге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть