Жарияланды: 930

Зейнеп Ахметова: ,Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас"

Зейнеп Ахметова: ,Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас"

Зейнеп Ахметованың жақында жарық көрген «Бабалар аманаты» кітабынан үзінді.

- Адам баласының бір-бірімен тіл қатысып, лебіз білдіруі әдетте сәлемнен бастау алады. «Сөз анасы – сәлем» деп Бұхар жырау бабамыз сәлем сөздің қасиетін әрі қысқа, әрі нұсқа етіп керемет тұжырымдапты. Сөзді сәлемнен бастамайтын халық жоқ. Әрине, әр халықтың өзіне тән сәлемдесу салты, жөн-жобасы әрқалай. Сол алуан түрлі, басқаға ұқсамайтын өзгешеліктерінен ұлттық мінез-құлық, әдет-ғұрып, қалыптасқан қағидалар көрініп тұрады. Ол – заңды құбылыс. «Мынаның амандасуы менікіне неге ұқсамайды» деп айтуға ешкімнің қақысы жоқ. Әр ұлттың өзінің тарихи қалыптасуы бар. Ал біздің қазақтың амандық-есендік сұрауға, сәлемдесуге деген ынта-пейілі мен оған зор мән беруі тіпті ерекше. Бүкіл қазақ баласы бәрі сырлас, Амандаспай, таныспай қарап тұрмас. Көрсетер сый-құрмет, мейір-ықылас, Қайтар деп қарымтасын талап қылмас. Осы бір шумақ төрттағанды қара өлеңге зер салып қарашы! Халқымыздың кең пішілген бөлек болмысы менмұндалап тұрған жоқ па?! Адаммен танысып-білісуге деген жаны жайсаң мінезі аңқып тұр. Сәлемдесу жолына келгенде, әй, қазаққа ұқсай қоятындар кемде-кем шығар. Мен мұны айтқанда әйтеуір, балта сабы – өзіміздің ағаштан деп бопсалап жатқаным жоқ. Халқымның қадір-қасиетін білгендіктен аузымды толтырып отырмын. Мен еңкейетін де, шалқаятын да жерімді білетін адаммын. Ұқтың ба? – Ұқтым... Неге ұқпайын, өзін қазақпын деп атайтын әрбір адам туған халқының болмысын атадай түсініп, ұлттық рухты атадай қастерлеп, ұлттық намысты атадай ту еткен болса ғой... – Ұққаның жақсы, – деп екпін алып бір арнаға түсіп келе жатқан әңгімесін жалғастыра берді. – Егер бүкіл адамзаттың тәлім-тәрбие үлгілерінің жиынтығын шалқып жатқан телегей-теңіз десек, теңізді жан-жағынан толықтырып, молықтырып тұратын арналы өзендер, арынды дариялар секілді сан түрлі халықтың әлемдік рухани теңізге қосар өз үлесі бар. Ал өзендер мен дариялардың өзінен-өзі дайын күйі пайда болмайтыны белгілі. Оларды құрайтын тұнба бастаулар, мөлдір бұлақтар бар бас жағында. Ол –отбасының, ата-ананың тәрбиесі. «Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дейді қазақ атаң. Сол үшін баласының тілі шығар-шықпастан әдептіліктің жол басы – сәлемдесуге үйретеді. Кішкентай бүлдіршіндерге «атаңа сәлем бер», «әжеңе амандас», «ағаңа қол бер» деген секілді сөздерді үнемі құлағына құйып, ізеттілікке ерте бастан баулиды. Кез келген ересек адам бала сәлемінің оңды бағыт алып, мінезіне сіңіп, саналы түрде дағдысына айналуына мұқият қарайды. Жақсы үлгі көрсетеді, яғни тілі сөз құрауға зорға келетін кішкентай баланың былдырлаған сәлем рәсіміне байсалды жауап қайырып, сәлемін алады. «Бәрекелді, сәлем беруге жарап ержетіпті ғой!», «Міне, азамат, нағыз атасының баласы!» – деп қолпаштап көтермелейді. Сонымен бірге «Өркенің өссін!», «Өмірлі бол, бақытты бол!» – дегендей тілектерін бағыштайды. Сәлем бергеніне алғыс айтады. Сөйтіп, баланың әдепті, инабатты болуына дем беріп қанаттандырады. Қазақ ғұрпында кіші үлкенге алдымен сәлем береді. Жасы кішінің бірінші болып сәлемдеспеуі барып тұрған тұрпайылық саналады. Жас адам үлкеннің алдында амандаспай сөз бастаса немесе бедірейіп қарап тұрса, ондайларды «көргенсіздің баласы» деп, «тәрбие көрмеген тексіз» деп, оның өзінен бұрын ата-анасын кінәлайды. Әне, сондықтан әрбір ата-әже, әке-шеше баланы қарғадайынан сәлем жолын жасауға үйретіп, санасына сіңіреді. Ол – отбасындағы үлкендердің бір парызы. Жасы кішінің үлкенге құрмет көрсетуі – ата анаңның, ауылыңның, қала берді еліңнің абыройы. Өйткені ата-ана, ауыл-аймағыңа алғыс естірту немесе жағымсыз атқа қалдыру кейде бір ауыз сәлемнің берілу-берілмеуімен бағаланып кететіні бар. «Тексіз елдің баласы», «нұсқасыздың қызы», «тектемей өскен көргенсіз» деген секілді ауыр сөз есту кімге жеңіл дейсің?! Ал «өнегелі ауылдың баласы екен», «өсер елдің ұрпағы екен», «өнегелі шешенің қызы екен», «текті атаның ұлы екен» деген сияқты жанға жағымды, ауылыңа, ата-анаңа алғыс әкелетін мақтау сөзді есту жас адам үшін бір мәртебе емес пе?! Қазақта жасы кіші өзінен үлкенге ат үстінде отырып сәлемдеспейтін. Жас кезімізде көлікпен келе жатқанда ересек кісілер ұшыраса қалса, атымыздан қарғып түсіп, қол қусырып амандасатынбыз. Ат үстінде қоқырайып отырып сәлемдесу өркөкіректік, надандық ретінде қабылданатын. «Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас» деп ондайларды жағымсыз сөзге іліктіретін. Асылы, халқымыз ақ сақалды атаны, ақ шашты әжені, ақ самайлы әкені, ақ жаулықты ананы, жалпы, үлкенді құрметтеген. Алдынан кесіп өтпеген. «Сен» деп серейтіп сөйлемеген. Қазақтың ұлттық бітім-болмысын ажарлайтын ардақ бір қасиеті осы – үлкенді сыйлауы. Бұл – бабалардың салып берген сара жолы. Ұрпағына қалдырған өнегесі, – дей келе ата сөзін кілт үзіп, – өзім де бес саусақтай білетін екі де екі – төртті неге мыжи береді екен деп отырсың ба? – деп табан астында дауысы өзгеріп, маған шүйліге кетті. (З.Ахметова, «Бабалар аманаты») Аталмыш кітапты сатып алғыларыңыз келсе, хабарласыңыздар. 87016520613 (Айгүл) Естелік-эссенің басы: Зейнеп Ахметова: "Қазақ салтын қорлаған түбінде өзі сорлайды" - 07/11/2012 Зейнеп Ахметова: "Сәлемдесе білеміз бе?" - 13/11/2012

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін