Жарияланды: 330

Жайық өзенінің жасыл түске боялуы тұрғындардың үрейін ұшыруда

Атырауда Жайық өзені жасыл түске боялды. Судың май секілді кілкіп, өзге түске түске енуі жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырып отыр. Тіпті кейбіреулер Жайыққа көп мөлшерде жасыл сыр, яғни бояу құйылған деген пікір айтуда. Себебі, Жайықтың бетінде түгелдей емес, әр жерінде ғана осындай көрініс байқалып тұр. Халық арасында үрей тудырған осы жайтқа қатысты қазір мамандар нақты түсініктеме бере алмай отыр.

Алдын-ала болжамдарға қарағанда, бұл сыр емес, органикалық зат көрінеді. Жағымсыз иісі бар. Қолға май секілді жабысқанымен, жуып жіберсе  тез кетеді. Қазіргі уақытта мамандар бірігіп, өзеннің төменгі және жоғары бөліктерінен сынама алып, зерттеуге кірісіп кетті.

Мұндай жағдай Жайыққа су аз келсе де орын алуы мүмкін екен. Яғни өзенінің деңгейі төмендегенде, су аз уақыттың ішінде қатты қызып, жағалауы осылайша өзге түске енетін көрінеді.

Бисен Қуанов, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы:

- Жағада осындай көкпеңбек болып, жасыл-көк болып, топыраққа да тиіп жатқанын мен бірінші рет көріп отырмын. Мұның себебін анықтауымыз керек болып тұр. Денсаулыққа зияны бар ма, жоқ па, бұл мұнай ма, әлде фенол ма, бұл не зат екенін айыруымыз керек.

Айта кету керек, өткен демалыс күндері  атыраулықтар үйге келіп тұрған құбыр суынан жаман иіс пен дәмнің шығатынын айтып әлеуметтік желілерде дабыл қаққан еді. Тіпті кейбіреулер суға жәндіктерді құртуға арналған кәдімгі дусттың қосылғанын да айтқан.

Талғат Аян, блогер:

- Тек қана менің парақшамның өзінде елу шақты адам іш ауруымен ауырып жатқанын айтты. Жанұясымен бірге. Онымен қатар мен өзім де ауырып шықтым. Дәрігер шақырдық. Соның себебін анықтау керек. Неге төтенше жағдай жарияламайды, неге халыққа хабарламайды?

Халыққа суды тазартып, жеткізіп отырған «Атырау су арнасы» мекемесіне 100-ге тарта тұрғыннан арыз-шағым түскенімен, олар жайбарақаттық танытып отыр. Айтуларынша, тіршілік нәріне балдыр  қосылып кетіп, жағымсыз иіс пен дәм беріп отыр.

Андрей Ташлыков, «Атырау су арнасы» КМК басшысы:

- Тұрғындар суға дуст қосты деп шағымданды. Ол дуст емес, микроағзалар, шіріген балдырдың иісі, қазіргі уақытта суды барлық талаптарға сәйкес жеткізіп отырмыз.

Бұл екі дерек бойынша, тиісті орындар іске кірісіп кеткен. Егер Жайыққа біреулердің әлдеқандай зат тастағаны анықталса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Ал құбырдан аққан жағымсыз дәмі әрі иісі бар су мен жасыл түске боялған Жайықтың бір-бірімен байланысы бар ма, жоқ па, ол сараптама қорытындысынан соң белгілі болмақ. Мамандар нақты ақпаратты бүгін-ертеңнен қалдырмай жұртқа жария етеміз деп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін