Кенші мен метталургтердің жалақысын 25, шетелдік қызметкерлерінікін 50 пайызға қысқартатынын «Арселор Миттал Теміртау» күні кеше мәлімдеген. Мұны естіген жұмысшылар қарсылық танытқанымен металургиялық комбинат айтқанынан қайтпайтындай сыңай танытты. Мұндай тосын әрекетін алпауыт компания өнімдеріне сұраныс төмендеп, әлемдегі ушыққан геосаяси жағдаймен түсіндіруде. Тіпті тиын санап қалғаны сонша, әлеуметтік тұрғыда қаржылай қолдау жөніндегі меморандумға қол қоюдан бас тартқан. Оның үстіне 2010 жылдан бері артық төленген 12 миллиард теңге салығын Үкіметтен қайтаруды талап етуде. Бұған шамданған вице-премьер Бердібек Сапарбаев еңбеккерлердің құқығын шектеген «Арселор Миттал» Қазақстан заңдарын орындамаса, мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктен айырамыз деп сес көрсетіп отыр. Енді іс насырға шаппасы үшін Министрлер кабинетіне болат магнаты, металургиялық комбинаттың қожайыны Лакшми Митталмен келіссөз жүгізуге тура келетін сияқты.
Асылбек Нұралин, Тау-кен металлургия өнеркәсібі еңбекшілері кәсіподағыныңтөрағасы:
— Жалақыға қатысты кеншілермен келісім-шарт біржақты бұзылған. Қазір біз осы заңбұзушылықты тізіп прокуратураға шағымдандық. Тексеріс жүріп жатыр.