Жарияланды: 410

Жамбыл облысында сиырлар белгісіз дерттен арам қатып жатыр

Жамбыл облысы Жамбыл ауданының жұрты зеңгі баба тұқымына жұт келді деп дабыл қағуда. Айтуларынша, белгісіз дерттен сиырлар шетінен арам қатып жатыр. Тіпті өлген мал санының көп болғаны сонша, жұрт есебінен жаңылысуда. Ал жергілікті билік малға жұққан аурудан еш қауіп жоқ деп жайбарақат.

Төрт түлікпен жан баққан қарашаның бір айдан бері мазасы жоқ. Белгісіз аурудан сиырлар шетінен сұлап жатыр. Бұқара қандай індет келгенін түсінбей бас қатыруда. Жұрттың сөзінше, бір апта Рахат ауылының өзінде 5 зеңгі баба тұқымы пышаққа ілінген. Енді арам қатқан малды, арзан бағамен шұжық цехтарына өткізуге мәжбүр.  

Ербол Ысмайылов, Рахат ауылының тұрғыны:

- Малдың іші сап-сары болып кетеді. Қан сиеді. Екі күн тұрады, екі күннен соң жарамай қалады. Сойып, пышаққа ілінеді. Екі күнде 4-5 мал кетті.

Қыруар шығынға баттық деп дабыл қаққан бұқара, ауданның бірнеше ауылына белгісіз дерттің дендеп кеткенін айтуда. Өлген мал санында есеп жоқ дейді. Алайда, шенеуніктер жаппай жұт келгенін жоққа шығарып, небәрі жиырмаға жуық сиыр арам қатты деп отыр. Ол үшін даурығуға негіз жоқ деген ақжағалылар, зеңгі баба тұқымына кесел кенеден келгенін анықтапты. Оған қора-қопсыны таза ұстамаған тұрғындардың өздері кінәлі деп салды.  

Мейірхан Жаманқұлов, Жамбыл ауданы ветеринарлық қызмет мекемесінің басшысы:

- Паразитарный ауру, бул тек ауыл тұрғындарының іс әрекеті ары қарай. Мысалы үйде кене бар ғой, малды кенеден тазалау керек. Кенеден жұғады, басқа ештеме жоқ. Әртүрлі шалшық сулар болуы мүмкін. Сосын жайлым ауыспағаннан.

Шенеуніктердің сөзінше, аурудың адамға еш қауіпі жоқ. Етін де тұтынуға болады. Жалпы осы аудан індет ошағына айналған тәрізді. Өткен жылы да бірнеше сиыр мен алпысқа жуық қой қырылып қалған. Сонда да атқамінерлер малдың бабын таппады деп бұқараның өздерін кінәләған. Тұрғындар шенеуніктердің кезекті жаттанды уәжіне сенгісі жоқ. Дерттің лас қора мен кенеден жұқты дегені ақылған қонымсыз дейді.  

Жұмабай Қазыбеков, Рахат ауылының тұрғыны:

- Білмейміз, бір індет шығар келіп жатқан. Ақбөкен де қырылып жатыр, айдалада жүрген мысалы. Қорасы мынадай кір дейтіндей, ақбөкенде қорада жоқ қой. Таза ауада жүр мысалы. Бұл енді, бір Алланың несі шығар. 

Тұрғындар Жамбыл ауданындағы ахулдың ушыққанына қапалы. Оған негіз де жоқ емес. Зеңгі баба тұқымы шетінен пышаққа ілінуде. Ал, ертеңнен бастап індет дендеген Рахат ауылынң сиырларына, өріске шығуға шектеу қойылды. Сөйтіп, ветиринар мамандары аша тұяқтыларды түгел тексеруден өткізбек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін