Е. Көшербаевтың айтуынша, Өзбекстан жағы күн райының шұғыл бұзылуына байланысты республика аясында газ тұтыну мөлшері ұлғайды және оның көлемі Қазақстанмен арадағы уағдаластықты орындауға жетпей отыр деген сылтаумен газ жіберуді шұғыл азайтқан.
«Бүгінде облыс сағатына 108 текше метр газ алып отыр, ал сұраныс 130 текше метрге тең. Бұл Жамбыл ГРЭС-ін есептемегендегі жағдай, өйткені, бұл станция газға қатысты проблема туындамай тұрып мазутқа көшкен», — деді Е. Көшербаев. «Халық пен әлеуметтік нысандар зардап шекпеуі үшін қаладағы аса ірі екі тұтынушы ЖЭО мен «Қазфосфат» АҚ әзірге баламалы қуат көздеріне ден қойған. Бірнеше шағын кәсіпорын жұмысын тоқтатты», — деді ол.
«Бұл шектеуден тек Жамбыл облысы ғана емес, сонымен бірге Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Қырғызстан да зардап шекті. Бүгінгі жағдаймен «Қазтрансгаз» өкілдері Өзбекстанға аттанды. Олар газды бұрынғы көлемде жіберу жөнінде келіссөздер жүргізеді», — деді Е. Көшербаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті