Бұл туралы Caravan.kz порталы хабарлайды.
Бекмұрат мырзаның қазіргі басынан өткізіп жатқан сәттері өте қиын. Өкпесін алып тастаған, аяғын кескен, бір көзі көрмей қалған екен.
"Өмірге адам болып келген соң сан түрлі қиындықтар алдыңнан шығады екен. 2007 жылдан бастап ауырдым. Жалпы 20 жылдан астам уақыт тамада қызметін атқардым, тойларда жүрдім. Сөйтіп жүріп қантым көбейіп кетіпті. 2018 жылдан бастап қаттв әлсірей бастадым. Екі аяғым ісіп жүре алмай қалдым. Өкпем қысылып өмір сүруім қиындап кетті. Бір айға жуық өкпеден қан кетті. 1 жыл ауруханада жаттым. Сол кезде бір өкпемді алып тастады, сол ота менің көзіме әсер етіп көзім нашарлай бастады. Көзіме ота жасатып едім, көзім мүлдем көрмей қалды. Бұлыңғыр тұман болып тұрады. Тек бейне ғана көре аламын. Анық ештеңе көре алмаймын. Денеме шыққан жара да өте жәй кететін болған. Сонымен былтыр аяғыма яғни табаныма бір жара шықты. Не істесемде кетпей қойды, дәрігерге бардым, іріңі кетпей қойды. Болмаған соң ыстығымды шығарып, ауруханада екі ай жаттым. Дәрігерлер аяғымның саусақтарын кесіп тастады. Сонда да ірің тоқтамады, керісінше көбейіп кетті. Жағдайым күрт нашарлап кеткен еді. Рентгенге түсірдік барлық дене мүшемді. Сөйтсек ірің менің сүйегіме отырып алған екен, содан ол кетпейді екен. Сонымен дәрігерлермен ақылдасып аяғымды кесіп тастауға мәжбүр болдым. Кестірмесе ол тоқтамайтын болды. Екі отадан өттім. Қазір Аллаға шүкір үйдемін дәрігерлер келіп қарап тұрады",- дейді Жамбыл атамыздың шөбересі.
Бұл қиындықтан бөлек өзінің отбасындағы да келеңсіздіктерді ашық айтып көзіне еріксіз жас алған Бекмұрат мырзаға желі оқырмандары басу айтты. Әйгілі Жамбыл бабаның шөбересінің мүшкіл халі елді бей-жай қалдыра алмады.
"Сіз мықтысыз аға","Өмір жасыңыз ұзақ болсын","Аяғыңыз жазылып кетсін","Жамбыл атамыздың шөбересі дегенде денем дір ете қалды","Мықты болыңыз аға",- деп пікір қалдырды.