Жаңа жылдық шырша үшін қазына қаржысын миллиондап шашқан - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаңа жылдық шырша үшін қазына қаржысын миллиондап шашқан

Жаңа жылдық шырша үшін қазына қаржысын миллиондап шашқан

Павлодарда жаңа жылдық шыршаны орнатуға кеткен қаржыға қатысты шу шығып жатыр. Жұрт осы үшін жергілікті бюджеттен бөлінген ақшаны естігенде жаға ұстаған. Шырша десе, барлық мерекені ұмытып ай жарым уақыт бұрын қамданатын әкімдік жасанды құрастырмалар мен бір сөмке ойыншық үшін 38 млн теңге жұмсапты. Былықтары әшекеленген соң шаһар басшылығы енді есептен қате кетті деп ақталуда.

  • 13 Желтоқсан 2013
  • 391
Фото - Caravan.kz

Жаңа жылға елден ерекше қамданатын павлодарлық шенеуніктер биыл да шаһардың безендірілуін қар түспей бастаған. Жылда солай. Бұл жолы тіпті шырша шамын жоспарлы межеде жағуға жанталасып жатқанда екі жұмысшы краннан құлап мертіккен болатын. Ақыры үлгеріп маңдай терлерін сыға бергені сол еді, енді жұмсаған ақшалары әшкере болып масқаралары шығып жатыр. Сөйтсе, шыршаға әкімдік бақандай 38 млн теңге жұмсапты.

Юрий Павленко, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Қала қазынасының 4 млрд 800 млн екенін біле тұра, мұндай шыршаны орнату  — барып тұрған ысырапшылдық. Бір шыршаға 38 млн жұмсалды дегенге де ешкім сене қоймас. Онысы тіпті ескі екен.  

Жасанды шыршаның қаңқасының өзі қағазда 17 млн басындағы ойыншық жұлдызша 600 мың теңге деп көрсетіліпті. Шенеуніктер алғашында мұның барлығы Ресейден әкелінген сапалы өнім деп ақталғанымен артық кеткендерін ақыры мойындауға мәжбүр болды.


Оразгелді Қайыркелдинов, Павлодар қаласының әкімі:

-Қала ішіндегі ақша айналымы өте үлкен. Сол себептен, ненің қымбат, ненің арзан екенін дөп басып айту қиын. Біз өз тарапымыздан бұл сұрақты бақылауда ұстап, барлығына қайтадан тексеруден өткіземіз.  

Қыруар қаржының қайда жұмсалғанын енді әкімдік ғана емес, Қаржы полициясы да анықтайтын болады. Құзырлы орын тексерісті бастап та кетті.

Ал Калуга қаласынан әкелінген қымбат құрылыстың есеп-қисабымен басы қатқан шаһар басшылығы жаңа жылдан бұрын Қазақстанның басты мейрамы – Тәуелсіздік күні барын ұмытып кеткендей. Шыршаға мемлекеттің ақшасын миллиондап шашқан шенеуніктер ұлық мерекеге жетім қыздың тойындай 1-2 баннер ғана іле салған.