Төрт күн толассыз жауған жаңбыр мен еріген қар суымен күресіп, қолдан келгенше бөгет жасаған жұрт бүгін келтірілген шығынды есептеуде. Қырыққа жуық үйдің іргетасы сөгіліп, қабырғалары қақырай бастаған.
Жәнібек Тоқбатыров, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
–Аяқ астынан болған нәрсе. Қайта бала-шағаны алып шығып үлгердік. Ертен күн жылыса тамымыз құлайды.
Ал жайылған қызыл су енді күннің қайта күрт суытуынан көкмұзға айналған. Табиғаттың тосын мінезінен сондай-ақ құдықтар толып, жұрт ауызсудан таршылық көруде. Ал үйлері «жарамсыз» деп танылғандары туыстарын жағалап жүр. Малмен жан бағып отырған қараша енді не істерін білмей дал.
Жамаладин Әбілбашаров, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
–Алдымен үйдегі бала-шағаны шығардым. Одан соң қайтып айналып келіп, мынаның ішіндегі малымды шығардым. Оны жолдың арғы бетіндегі көршінің үйіне байладым. Таудан келген су бой берсін ба, опырып жарып кетті. Қолдан ештеңе келмеді.
Айтып келмейтін апат күн жылынған соң жаңа күш алауы мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылып, үш бағытта тиісті шаралар жүргізілуде.
Әбдімәулен Сабырханов, Жаңақорған аудандық ТЖБ бастығы:
-Бірлік ауылына Ақүйік өзені арқылы қауіп төнуі мүмкін. Қалған Жайылма өзеніндегі жағдай қадағалауға алынған, ол жақта тұрақты. Қазір бірлік ауылының тұсынан көп су келуі мүмкін. Соған байланысты жұмыс жасап жатырмыз.
Жұрт жылда қайталанатын тасқынның «алдын алмайды» деп билікке базынасын айтқан. Алайда Астанадан жағдайды қадағалап отырған еліміздің бас құтқарушысы апатты күнінен бұрын білетін «құдай емеспін» деп жайбарақат отыр.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Кешірім өтінем әрине, мен ауа-райына билік жүргізетін құдай емеспін. Күн жылынған соң қар ериді. Оған несіне таң қаламыз? Бүгін Қостанайда немесе Астанада күн солай жылыса сіздер редакцияларыңызбен бірге суда қалқып жүресіздер.
Ал Қызылорда облысындағы мұз қалашығына айналған ауыл маңдындағы бөгеттерден 26 көлік шығарылды. Сондай-ақ қауіпті деген аймақтарда қорғаныс шаралары қолға алынуда. Негізгі жұмыстар «Самара-Шымкент» тас жолының маңында жүріп жатыр. Өйткені, таудан аққан су осы сайға құйылып, кейін елді-мекендерге қарай ағады екен.