Еңгезердей 4 еркектің жуан жұдырығына төтеп бере алмаған Денис Кан 23 жасында қара жердің қойнына тапсырылды. Анасы арада 2 жыл өтсе де жалғыз баласын о дүниеге аттандырғандарды жазаға тарта алмай әлек. Көлік тұрағындағы текетірестің арты Денистің ажалына әкелсе, өгей әкесі өлімші боп сабалған еді. Алғашында 4 айыпты болған, оның бірі сотқа жетпей табанын жалтыратса, екіншісі куәгер боп шыға келді. Қалған екеуі ұзақ айқай-шудан соң 8 жылдан арқалаған болатын. Бірақ жоғарғы сот бұл шешім заңды белден басқындық деп қайта қарауға қоя беріпті.
Светлана Кан, марқұм Д.Канның анасы:
— Шәйдекерімовты тағы да босатып жібере ме деп қорқамыз. Адам өлтірген қылмыскерді бостандыққа жіберу деген сұмдық қой. Заң қайда, әділдік қайда?
Қара қылды қақ жаруы тиіс Жоғарғы сот жауапты былай жолдады. Қысқа да нұсқа, Шәйдекерімовты айыптаған судья заңды белден басқан екен.
Істі қарау барысында апелляциялық сот бірнеше қателіктерге жол берген. Олар аудандық соттың Шәйдекерімовты қандай себептермен және қандай айғақтарға байланысты ақтап шыққанын толық зерттемеген.
Шу шыққан істегі Шәйдекерімовтер әулетінің ұстанған бағыты басқа. Олар Денис Канды жер жастандырған да өгей әкесін өлімші етіп сабаған да Ғалым Шәйдекерімов еместігін қадап айтты. Тіптен Кандар әулетінің өздеріне жала жапқанын да жеткізді. Оған қоса аудандық судья шығарған бұрынғы қаржы полициясы бөлім бастығын ақтаған сот шешімін күшінде қалдырмақ ниетті.
Геннадий Нам, Ғ. Шайдекерімовтың адвокаты:
— Бұл апелляциялық сот отырысында біздің арызымыздан басқа қарайтын құжат қалмады. Кан әулеті жағынан берілген барлық талап-арыз заңдық күшін жойды. Ғалым Шәйдекерімов ақталады деп сенеміз, оған қоса Ғалымға бұзақылығы үшін тағылған айыпты да жоққа шығаруға ниеттіміз. Ол заң алдында толық ақталып шығуы тиіс.
2011 жылы болған қылмыстың ақ-қарасы әлі ашылмады. Арада 2 жыл өткенімен қос тараптың құқық қорғау орындарының қарекетіне қарындары ашып отыр. Сиырқұйымшақтанып кеткен іске қатысты өзге құрамдағы келесі апелляциялық сот процесі осы айдың 26-шы жұлдызына белгіленген. Ғалым Шәйдекерімовтың тағдыры айқындалмақ, басқа екеуінің басы ашылды. Ал істегі ғайып болған төртінші айыпты жер жұтқандай әлі жоқ, тірі жан таппапты.