Жарияланды: 3700

"Жасыл көпір" – жасампаз бағдарлама

"Жасыл көпір" – жасампаз бағдарлама

«Жасыл көпір» - халықаралық бағдарлама. Оны 2010 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Бағдарламаны 2012 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының «РИО+20» саммитінде барлық елдер құптады. Қазір ол жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді.

«Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы (ЖКСБ) Орталық Азия елдерінің негізгі халықаралық институттар мен жеке сектордың қолдауымен орнықты дамуды қамтамасыз етуде тығыз өзара әрекеттесуін ұсынады.

ЖКСБ міндеті келесі негізде құрылған:

«Орталық Азияда «жасыл» экономикалық өсімді технологияларды табыстау, біліммен алмасу және қаржылық қолдау кезінде халықаралық әріптестік және қолдау арқылы басқару».

Caravan.kz медиа-порталы аталған бағдарлама бойынша әр жылдары өткізілген шаралардың бірқатарына тоқталады.

«Жасыл көпір» бастамасы Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы серіктестікті нығайтады – Мәсімов 

23 қыркүйек, 2011 ж.

Қазақстанның «Жасыл көпір» бастамасы Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы серіктестікті нығайтып, оң нәтиже береді және қолданыстағы аймақтық бағдарламалардың тиімділігін арттырады. Бұл жөнінде бүгін Қазақстан Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Астанада «Еуропа үшін қоршаған орта» VII жалпыеуропалық министрлер конференциясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz.


«Қазақстан Еуропа мен Азияның арасындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан және ол орнықты даму, экологиялық даму бағытын ұстанады. Халықаралық серіктестермен бірлескен ынтымақтастыққа бар күш-жігерімізді салатынымызды айтқым келеді, соған уәде береміз. Қазақстанның «Жасыл көпір» бастамасы Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы серіктестікті нығайтып, оң нәтиже береді және қолданыстағы аймақтық бағдарламалардың тиімділігін арттырады», - деді Кәрім Мәсімов, деп хабарланған pm.kz сайтында.
Премьер-Министрдің пайымдауынша, бүгінде әлемдегі экологиялық проблемаларды трансшекаралық маңызға жатқызуға болады. Оның ішінде су ресурстарының мәселесі мен «Жасыл даму» проблемаларын ескеру қажет. «Бірде-бір ел климаттың өзгеруі проблемасын жеке дара шеше алмайды. Бұл тұрғыда біз баршамыз күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, бұл күндері Қазақстанның елордасында «Еуропа үшін қоршаған орта» VII жалпыеуропалық министрлер конференциясы өтуде. Диалог алаңында су ресурстарын орнықты басқару, «экологиялық», бәсекеге қабілетті экономика құру мәселелері талқылануда. Басымдықты мәселелердің қатарында - «жасыл» экономикаға ауысу жөніндегі негізгі өңірлік тетіктердің бірі болатын «Жасыл көпір» Астана бастамасы бар.
«Еуропа үшін қоршаған орта» VII жалпыеуропалық министрлер конференциясына қатысқан 48 елдің және 15 халықаралық ұйымның өкілдері Қазақстан ұсынып отырған «Жасыл көпір» Серіктестік бағдарламасына қолдау білдірді.
«Сіздердің Президенттеріңіз ұсынып отырған «Жасыл көпір» бастамасы барлық елдердің қолдауына ие болды және ол экологияда әрі қарайғы дамудың басты кілті болып табылады», - деді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Ян Кубиш.
БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының пікірінше, қазақстандық бастаманы нақты жобалар бойынша біртіндеп жүзеге асыруға болады.
«Қазіргі таңда кейбір халықаралық ұйымдар Астана бастамасына кіретін ілкі жобаларды қолдауға дайын. Бұл бастама сөз жоқ РИО-20 саммитінде талқыланады, талқыланып қана қоймай ол бойынша нақты жобалар да ұсынылады деген ойдамын. Жалпы «Жасыл көпір» бағдарламасының мән-маңызы «жасыл» технологиялар Еуропадан Азия елдеріне көшіп, осы өңірдің климаттық жағдайларына қоршаған ортаны ластамайтындай болып бейімделуі керек. Сонда ғана бұл үдеріс екіжаққа да тиімді болады», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың қазанында Астанада Азия мен Тынық мұхит аймағының Қоршаған ортаны қорғау және дамыту министрлерінің VI конференциясы өткен еді. Онда қоршаған орта және дамыту жөніндегі декларация, сондай-ақ Астананың «Жасыл көпір» атты бастамасы қабылданды. Аталған «Жасыл көпір» бастамасы Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бағытындағы Қазақстан Президентінің идеясын іске асырудың негізі болып табылады. Бастаманың негізгі мақсаты - экономикада «жасыл даму» саясатын алға жылжытуды Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдеріне қолдау көрсету.

«Жасыл көпір» бағдарламасы экологиялық технологиялардың трансфертін қамтамасыз етеді

17 шілде, 2012 ж.


Жасыл көпір» экологиялық бағдарламасын іске асырудағы алғашқы қадамдардың бірі директорлардың халықаралық кеңесін құру және алдағы күзде бағдарлама құрылтайшыларының отырысын өткізу болмақ, деп хабарлады pm.kz сайты.

Қазақстан Президенті бастамашы болған және «экологиялық технологиялар» трансфертіне бағытталған «Жасыл көпір» экологиялық бағдарламасы ағымдағы жылдың маусым айында өткен «Рио+20» халықаралық конференциясында мақұлданды. «Жасыл» технологияларды пайдаланудағы әлемдік тәжірибені зерделеу және оларды қолданысқа енгізу «Жасыл көпір» бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Дәл осы мақсатта директорлардың халықаралық кеңесі, құрылтайшы кеңес және сарапшылар тобы сияқты жұмыс топтары құрылатын болады. Тағы бір маңызды фактор - энергия үнемдеу қағидасына негізделген экологиялық қауіпсіз және арзан технологияларды қолданудың есебінен қалыптасатын экономикалық нәтиже болып табылады. «Жасыл көпір» бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Болат Есекиннің айтуынша, бағдарлама құралдарының мүмкіндіктерін экологиялық «таза» өнімдердің халықаралық нарықтарын игеруде қолдануға болады. «Еуропадан айырмашылық сол, Қазақстанда жер ресурстарының 90 пайыз химикаттармен және пестицидтермен уланбаған, сондықтан да халықаралық нарықтарда үлкен сұранысқа және жоғары бағаға ие «таза» азық-түлік өнімдерін өсірудің мүмкіндігі зор. «Жасыл көпір» сияқты жобалардың көмегімен дихандарға өнімдер өсіруге, соның арқасында мол табыс тауып, қосымша жаңа технологиялар сатып алуға көмектесу керек», - дейді Қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі Б.Есекин. Ал «Жасыл көпір» бағдарламасының сарапшылар тобының мүшесі Сергей Ивлевтің айтуынша, экологиялық технологияларды енгізудің арқасында «жасыл» экономика салаларының экономикалық әлеуеті арта түспек. «Жасыл» салалар халықты толық жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Мысалы, қалдықтардан органикалық тыңайтқыштар өндіру, көмірден және төмен сапалы кварциттен кремний өндіру, қоқыстарды пиролиздік әдіспен өртеуге негізделген электр стансасын құру, құнарсыз жерлерде құнарлығы жоғары дақылдар өсіру, жергілікті экологиялық материалдардан арзан және жеке үйлер салу сияқты бағыттарда», - деді өз ойымен бөліскен С.Ивлев. Сарапшының пікірінше, мұндай экологиялық жобаларды іске асыру еліміздің халықаралық беделін жақсартатыны анық. «Бұл жобалар Қазақстанның әлемдік деңгейдегі өз «жасыл» технологиялары мен инновациялары бар екенін паш етеді. Бұл өз кезегінде, еліміздің халықаралық беделін жақсартып, оның жаңа «экологиялық» брендін өалыптастыруға мүмкіндік береді»,- дейді ол. Әлеуметтік -экологиялық қордың директоры Қайша Атаханованың пікірінше, «жасыл көпір» бастамасы шетелдік әріптестерімен серіктестікте толық іске асырыла алады. «Жасыл» экономиканы «Ғаламшардың экологиялық лимитінің шегінде барша тіршілік үшін жақсы өмір сапасын қамтамасыз ететін әділ және сенімді экономика» ретінде мазмұндайды. «Жасыл көпір» бастамасы заманауи зияткерлік ресурстарды, «жасыл» технологиялар мен инвестицияларды трансферлеуге жағдай жасауға, экологиялық технологиялар мен жобаларды тәуелсіз бағалауға, бизнесті және қоғамдық секторды жұмылдыруға халықаралық тараптардың атсалысуын және әлем елдерінің серіктестігін талап етеді»,- деп атап көрсетті Қайша Атаханова өз сөзінде. «Жасыл көпір» бағдарламасы әлем елдерінің экологиялық тәжірибелерін жинақтап, ол технологияларды дамушы елдерде қолдануға мүмкіндік береді.

"Жасыл көпір" - жас ұрпақтың болашағы!

2 Қараша, 2015 ж.

Тақырыптың тарихына зер салсақ, қазіргі таңда жаһандық жаңалық ретінде бағаланып отырған «Жасыл көпір» бағдарламасы алғаш рет ІІІ Экономикалық форумда Елбасы Н.Назарбаевтың тарапынан ұсынылған болатын. Бұл дер кезінде қозғалған өте орынды ұсыныс еді, деп жазады Group-global.org-та Назым Жұртбай.

Өйткені, күрделі жаратылыстық құбылысқа ие және дамудың түпкі мақсатын тұйыққа тірейтін, сондай-ақ ғарыштық кеңістіктің барынша қарқынды игерілуіне байланысты ғылымның өзі оның зардабын нақты болжап, біле алмай отырған жаһандану үрдісі дәуіріндегі басты күретамырлы мәселенің ең бастысы – экологиялық қатерлі ахуал екені қазір анық сезіліп отыр. Осы бағытта Қазақстан мемлекеті 2011 жылы Санкт-Петербургте өткен, алыс және жақын шетелдің 25 мемлекетінің және халықаралық ұйымдардың өкілі қатысқан ІV Нева экологиялық конгресінде «Жасыл көпір» бағдарламасының тереңдетілген нұсқасын ұсынды. Сол тұстағы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім: бұл бағдарлама Рио де Жанейродағы саммитте қолдау тапқан жағдайда, әлемдік экологиялық қауіпті ахуалды жақсартуға игі ықпал жасайтынына сенім білдірді (1). Осындай орынды ұсыныстың нәтижесінде Қазақстан Бразилияда өтетін бүкіләлемдік саммитке дайындық жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болып белгіленді. ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Руслан Бөлтіріков өзінің Еуропалық қайта құру және даму банкісінің Экология және тұрақты даму саласындағы қызмет аясы туралы есебінде: Аталмыш жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды астаналық «Жасыл көпір» бағдарламасымен таныстыру мүмкіндігі көзделіп отырғандығын ресми түрде мәлім етті. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкісінің арасындағы негізгі әріптестік қарым-қатынас – климаттың өзгеруі мен жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге бағыттау екендігін атап көрсетті. Соның ішінде:

· осыған дейін құрамына Еуропалық қайта құру және даму банкісі мен Дүниежүзілік даму банкісі және Халықаралық қаржы корпорациясы кіретін «Таза технологиялар қоры» ұйымымен арнайы келіссөздер жүргізгендігін;

· аталмыш қор 2010 жылдың наурыз айында құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын үш бағыт бойынша жүзеге асатын жобаларды жеңілдіктер негізінде қаржыландыру шарасын мақұлдағанын;

· олардың бір парасы – еліміздің орталықтандырылған жылу жүйелерін жаңғыртуға, екіншісі парасы – қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытуға, үшінші парасы – тұтынушылар үшін энергия тиімділігін арттыру шараларына жұмсалатыны айтылды.

Бұл бағытта құны 200 миллион долларды құрайтын жобалар Алматы, Ақтау, Қарағанды, Павлодар және Петропавл қалаларында сол кездің өзінде жүзеге асырылып жатқандығын, сондай-ақ Киото хаттамасының негізінде ЕҚҚДБ-нің сарапшылық қолдауымен антропогенді қалдықтарды бағалаудың ұлттық жүйесін жасауға кіріскендігін тілге тиек ете келіп: «Қазақстан үшін бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі өткен жылдың қыркүйек айында өткізілген Азия және Тынық Мұхит елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 6-шы конференциясы болды. Аталмыш жиында біз «Жасыл көпір» бастамасын көтердік. Оны жиынға қатысушылар қолдады. Ол жүйе көпсалалы ынтымақтастық пен жеке мемлекеттік әріптестік жағдайында қазіргі қолданыстағы дәстүрлі тиімсіз даму жүйесінен жасыл экономика жүйесіне көшу мәселелерін қамтиды. Осы ретте ЕҚҚДБ-нің мүмкіндіктерін пайдалану тиімді болмақ. Бұл әріптестік бағдарламасы БҰҰ-ның Тұрақты даму комиссиясының отырысында қаралды. Онда да жоба қолдауға ие болып, қалың көпшіліктің қызығушылығын тудырды», – деп мәлімдеді Р.Бөлтіріков.

"Жасыл көпір" – "жасыл“ технологияларға, инновациялар мен қолжетімді энергияға көпір" атты халықаралық конференция

2 қыркүйек, 2016 ж.

14-15 қыркүйекте Астана қаласында ең алдымен тек біздің елімізде ғана емес әлемде де жасыл экономиканы ілгерілетуге арналған «Жасыл көпір – «жасыл» технологияларға, инновациялар мен қолжетімді энергияға көпір» атты халықаралық конференциясы, «Жасыл бизнесті құқықтық қорғау және экономикалық ынталандыру тетіктері» атты дөңгелек үстел және «FUTURE WAVE – инновациялық мүмкіндіктердің тұғырнама алаңы» Жастар форумы өткізіледі, деп аңдатпа жасаған Yvision.kz.

Бағдарлама жасыл экономикаға көшудегі халықаралық ынтымақтастық, озық жасыл технологиялар мен тәжірибелер трансферті, жасыл бизнесті дамыту, институционалдық және техникалық инновацияларды ынталандыру мәселелеріне арналған.

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, G-Global Халықаралық Секретариаты, «Жасыл» экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту» коалициясы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразиялық Ұлттық Университеті, Қазақстанның еріктілер Альянсы.

Ресми қолдау: Қазақстандағы БҰҰ ДБ, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар Офисі, «Астана ЭКСПО» ҰҚ» АҚ

Әріптестері: Азиялық Даму Банкі, Жапондық сыртқы сауда ұйымы, Корей инвестициялар мен саудаға ықпал ету агенттігі, «Жасыл Көпір серіктестік бағдарламасы» ХҰ» ЗТБ.

Жұмысқа 20-дан аса шет елдер салалық министрліктер мен ҮЕҰ басшылары қатысады. Сонымен қатар Конференция мен Форум қонақтарының ішінде – ҚР Парламент депутаттары, министрлік және ҚР даму институттары өкілдері, халықаралық сарапшылар, ҮЕҰ басшылары және елдердің бизнес-құрылымдары, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері және т.б.

"Жасыл көпір" — экология жанашыры

26 қазан, 2017 ж.

Ақтөбе облысының әкімдігінде «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын іске асыру аясында ақпараттық тур өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, БҰҰ «Даму» бағдарламасы жобаларының жетекшілері, мемлекеттік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Ақтөбе» газеті.

«Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы — инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін технологияларды табыстау, жасыл экономикалық өсімді қамтамасыз ету саласында халықаралық серіктестікті дамытуға бағытталған жоба.

«Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы 2010 жылы III Астаналық экономикалық форумда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еліміздің ең жарқын халықаралық бастамаларының бірі болып табылады. Бағдарламаны 2012 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы «РИО+20» саммитінде барлық елдер құптады және ол «ЭКСПО-2017» көрмесін ілгері жылжыту тұғырнамасына айналды. Бағдарламаның жасыл инсфрактураны, жасыл қаржыны дамыту, биоалуантүрлілікті көбейту, экологияны жақсарту сынды бірнеше бағыттары бар. Жуырда жасыл технологиялар халықаралық орталығы құрылмақ. Мұндағы негізгі мақсаттехнологияларды дамыту. Бүгінгі таңда «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы туралы Хартияға 15 мемлекет қол қойды, — деді ҚР-ның энергия тиімділігі және ресурс өңдеу қоғамдық палатасының басшысы Елдос Абаканов.

Ақпараттық тур аясында қатысушылар «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының құралдарымен, ҚР-ның «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасымен танысты. Сондай-ақ жасыл экономика сарапшылары қатысушыларды еліміздегі іске асқан технологиялармен таныстырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін