«Біздің министрлік жаңа экологиялық кодекске сәйкес, экологиялық таза өндірістер мен орны толтырылатын ресурстарды пайдалану саласындағы ізденістерді елімізде ынталандыру үшін жобалардың байқауларын жоспарлайтын болады. Осы бағыттағы бірінші қадам — «Жасыл мұнай» байқауы болмақ, оның шарттарын біз мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасауға кірістік», — деді Н. Ысқақов.
«Біз оны таяу уақыттарда, жылдың бірінші жартысында үкіметке енгізетін боламыз», — деді ол.
Министрдің түсіндіруінше, «Жасыл мұнай» байқауына ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жобасын жасаған Қазақстандық кәсіпорындардың экологиялық рейтингі негіз етіп алынады. «Бұл рейтингті біз таяуда жасадық, оған нақты мақсатты көрсеткіштер енгізілген, атап айтсақ, бір жұмысшыға шаққандағы тастандылар көлемі, кәсіпорынның таза суды тұтыну мөлшері, оның өз қалдықтары мен тастандыларын азайту динамикасы секілді көрсеткіштер», — деді ол.
«Яғни, біз «Жасыл мұнай» байқауына қатысушыларды іріктеу ережелерін іс жүзінде жасап шығардық», — деді Н. Ысқақов.
Министрдің айтуынша, ол басқаратын мекеме биыл «Экологиялық таза ең таңдаулы кәсіпорын» атты байқау жариялап өткізбек. «Бұл тек мұнайгаз ғана емес, сонымен бірге, тау-кен- металлургиялық кешендер мен басқа да өнеркәсіптік нысандарға қатысты», — деді ол.
Н. Ысқақовтың пікірінше, Қазақстанда «қазіргі жағдаймен баламалы қуат көздері мен экологиялық таза өндірістерді пайдалану саласындағы өз жобалары жетерлік және олар әлемдік жобалардан да жақсы. Меніңше, бізде бүгін бұл жұмысты жүргізуге барлық мүмкіндіктер де, әлеует те бар», деді министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті